САРЫ АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

Жуырда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен "Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні” тағы бір рет ойлан” тақырыбында "дөңгелек үстел” отырысы өтті.

Оған облыстық және қалалық тұтыну­шылардың құқығын қорғау басқар­масы мен жұқпалы аурулар ауруханасының және басқа да тиісті сала мамандары қатысты. Шараның мақсаты вирустық гепатиттің берілу жолдары, жұқтыру мен таратудан сақтандыру бағытындағы шараларға, косметологиялық қыз­мет көрсететін орындардың қызмет берушілері мен қызметкерлерінің өз ден­саулықтары мен бала­лар денсаулығына ортақ жауапкер­шілікпен қарауды қалыптас­тыруға тұрғындардың назарын аудару болып табылады.

Басқосуда облыстық тұты­нушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Гүлшара Жұмалиева, қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының маманы Зәуреш Ермекова, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының эпидемиологы Раиса Боранбаева, өзге де бірқатар мамандар вирусты гепатиттің эпидемиологиялық ахуалы, ауру­дың алдын алу, онан сақтану шаралары туралы әңгімелеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Белгілі болғанындай, 2014 жылдың жеті айында вирус­ты гепатит аурулар тобы бойынша қолайлы эпиджағдай қалып­тасқан. Жедел вирусты гепатиттер ауруының алты жағдайы тіркеліп, аурушаңдық деңгейі өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда екі жағдайға төмендеген. Облыс көлемінде тіркелген вирусты гепатиттердің назоло­гиялық құрамы бойынша А,В,С түрлері орын алған. Аймақта ауру деңгейінің төмендеуі байқалғанымен, алғаш анықталған созылмалы вирусты гепатиттердің 14 жағдайы орын алып, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіш 1,9-ді құрап, былтырмен салыстырғанда екі есеге жоғарылып отыр. Алғаш рет анықталған созылмалы вирусты гепатиттің 11-і В түрі, 3-і С түрі. Бұл жағдай парентералды вирусты гепатиттердің алдын алуда тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстарының пәрменділігін арттыруды талап етіп отырғанын аңғартуда.

А.Сәрсенбайқызы.

АҚПАРАТ 30 тамыз 2014 г. 3 067 0