“МӘҢГІЛІК ЕЛ” ИДЕЯСЫ – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Бейсенбі күні Қызылордада ҚР Конституциясы күніне арналған «Мәңгілік ел идеясы – жаңа Қазақстанның тұғырнамасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер қатысты.

Жиын басында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемов көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, Қазақстан Республикасының Ата Заңы – мемлекеттің басты қазынасы, адамның құқығын қорғап, жағдайын жасауға бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша, Конституция қоғамның кез келген мүшесі жүгінетін негізгі құжатқа айналды. Яғни, Мәңгілік ел идеясының негізі берік қаланды деген сөз.

– Конституция – елдің дамуы мен гүлденуінің мызғымас негізі. Демек, бүгінгі таңда Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістер Конституциямыздың уақыт сынынан сүрінбей өткенін дәлелдейді. Халықаралық сарапшылар, еліміздегі ғалымдар тарапынан да Ата Заңымыз ғылыми тұрғыда талданып, оң баға берілді, алдағы уақытта әлі де терең зерделене беретін болады, – деді Руслан Рүстемұлы.

Ал ғылыми басқосуға Астанадан арнайы келген ҚР Президенті­нің жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясының Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов «Этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы Елбасының рөлі» тақырыбы төңірегінде ойын ортаға салды.

– Келер жылы біздің Конституцияның референдумда қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Елбасының бастамасымен мемлекеттің құқықтық негізін, оның өсіп-дамуын белгілейтін Ата Заң қабылданды және Қазақстан халқының тату-тәтті тіршілігі мен береке-бірлігінің алтын көпірі болған аталмыш Ассамблея құрылды. Қос тарихи қадамның мемлекетіміздің біртұтастығын сақтап, нығайтуға қызмет етіп отырғанына бүгінде көзіміз анық жеткендей. Мәселен, тынышы кеткен Украина, билігін үш рет ауыстырған Қырғызстан мемлекеттеріндегі берекесіздік Конституциясын қабылдауда, оның мазмұнын анықтауда кеткен кемшіліктердің нәтижесі деуге болады. Ал біз жеткен жетістіктерімізге масаттанбай, жаһандық және өңірлік қатерлерге төтеп беруіміз керек. Конституция – мемлекетіміздің тұғыры, ал Мәңгілік ел идеясы – мемлекетіміздің алдына қойып отырған стратегиялық міндеті. Сондықтан Мәңгілік ел болуымыз үшін ең алдымен дәстүрлі отбасы институтын жаңғыртып, қалпына келтіруден бастауымыз қажет, – деді Талғат Жақиянов.

Бұдан кейін конференция барысында Қорқыт ата атындағы университеттің аға оқытушысы Айнұр Исаева «Ата Заң – елдігіміздің еңсесі», заң ғылымдарының кандидаты Мәдина Жүсіпбекова «Конституция – елдік қуатымыздың қайнары», тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев «Мәңгілік ел – болашағымыздың бағдары» тақырыптарында баяндама жасады.

Конференцияда еліміздің дамуында Ата Заң мен Мәңгілік ел идеясының маңызы өте зор екендігі жан-жақты дәлелденумен қатар, осы заңымыздың мән-мазмұнын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау жайы да сөз болды.

Дәурен ОМАРОВ.

АҚПАРАТ 30 тамыз 2014 г. 1 547 0