АТОМ – «сынақтарды жою – біздің миссиямыз»

АТОМ. Бұл ағылшынша "Abolish Testing. Our Mission”деген тіркестегі сөздердің бас әріптерінің жиынтығы. Қазақша аударғандағы мағынасы: "Сынақтарды жою – біздің миссиямыз” ұғымын білдіреді.

АТОМ жобасының шеңберінде яд­ро­лық державалардың халқын ядро­лық қаруды сынау және одан бас тар­ту қозғалысына қосылуға үндеу жұмыстары да қолға алынған. Бұл үшін ядролық шабуылға ұшыраған Хи­росима және Нагасаки қалаларының ахуалы қамтылған деректі фильмдер көрсетіледі. Сондай-ақ, 40 жылдан ар­тық осынау қаруды сынаған аймақта тұрып, зардап шеккен Семей полигоны маңының тұрғындары туралы түсірілген деректі фильмдер де жұртшылық наза­рына ұсынылады.

Бұл фильмдерді қараудың өзі қи­ын. Ядролық қарудан зардап шеккен адамдар мен олардың ұрпақтарының кем­бағалдық, мүгедектік халдерін көр­генде адамның төбе шашы тік тұрады. Солардың кейбірі АТОМ жобасына қатысып, өздерінің қиын ахуалдарын өз ауыздарымен айтады. Әрине, мұндай тәсіл ядролық қарудың азабы құлақ естіп, көз көрмеген алыста емес, жаныңда жүрген замандастар арасынан да шығатыны, тіпті көрерменнің, тың­даушының өзі де осындай қаріптікке ұшырап қалуы мүмкіндігін көзбе-көз көрсету үшін керек болып отыр. Со­нымен қатар, АТОМ жобасын тарату шараларында ядролық қарудың қазіргі бар арсеналының өзін қолданса, болашақта Жер шары қандай күйге тү­сетіндігі ғылыми тұрғыдан анықталған болжаммен беріліп, осыншалық қасі­ретті қарудың жалпы адамзат үшін қан­шалықты зиянды екендігі ашыла түседі.

Бүгінгі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын 75 ел мен 20-дан астам халықаралық ұйымдардан 200-ден астам адам белсене қолдап отыр. Жобаны жариялаған конференцияға 70 елдің парламенттерінен депутаттар қатысқан еді.

Қазіргі кезде ядролық қарудың сы­нағынан ғаламшарда 15 миллиондай адам зардап шегуде. Соның ішінде ең көбі Қазақстанда тұрады. Одан кей­інгі орындарда Маршалл аралдары, Жа­пония, Алжир тұрғындары тұр. «Дә­рігерлер ядролық соғысқа қарсы» атты ұйымның 1991 жылғы зерттеуіне қарағанда, ядро­лық қаруларды сына­ған­нан кейінгі атмосфераға тараған ра­диация мен радиоактивті қалдықтар 2000 жылға дейін 430 мың адамды қа­терлі ісік ауруына ұшырататындығы анықталған. Бүгінгі күні соның растығы дәлелденді.

Әрине, АТОМ жобасының мақсатын бүкіләлемдік ауқымда кеңінен тарата алсақ, оның қолдаушылары да көп болары сөзсіз. Егер оны қоғамдық қол­дау күшті болса, ядролық державалар басшылары да оның талаптарына құлақ асар еді. АТОМ жобасын ұсынған кон­фе­ренциядағы сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев көптеген елдердің парламентарийлері қатысып отырғанын ескере келіп, мен жаһандық ядроға қарсы ассамблея құруды да ұсынамын деген. Осындай институттың болғаны біздің бастамамыздың тиімді жүргізілуіне оң ықпалын тигізер еді. Қазір осы бағытта жұмыстар да жүргізілуде.

Ж.САМРАТ.

АҚПАРАТ 28 тамыз 2014 г. 804 0