Облыстық ішкі істер департаментінің бейсенбі күні облыстық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында үш мәселе айтылды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе экологиялық заңбұзушылықтарға арналды. Өткен кезеңде оның 161 дерегі тіркеліп, бес қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз балық аулап, аңшылықпен айналысу оқиғалары Арал, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында орын алған. Қазан айының үшінші онкүндігінде өткен «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы барысында биологиялық ресурстарды заңсыз тасымалдаған 19 автокөлік тұзаққа түсіпті. Оның он екісі сексеуілмен, бесеуі балықпен ұсталса, үш автокөліктен киіктің еті мен мүйіздері, сондай-ақ есірткі зат табылған. Шара барысында ішкі істер органдарында тіркелмеген тоғыз аңшы қаруы тәркіленген.
Екінші мәселе бойынша атыс қаруы мен оқ-дәрілер және жарылғыш заттарды сатып алу акциясының барысы әңгімеленді. Қыркүйек айында басталған республикалық шара қараша айының соңына дейін тағы да ұзартылды. Өткен екі айда облыс бойынша заңсыз қаруларды тапсыру жайлы 371 өтініш тіркеліп, 499 қару өткізіліпті. Олардың біреуі автоматты ойық ұңғылы «Дегтярев» қол пулеметі болса, 51-і иір ойықты, 448-і тегіс ұңғылы қарулар.
Айта кету керек, тапсырылған қарулар арасында тарихи-мәдени құндылықтары бар қарулар да ұшырасады. Айталық, 1933 жылы шығарылған «Дегтярев» қол пулеметінен басқа, аралдық азамат 1937 жылы Германия мемлекетінен шыққан «Вальтер» пистолетін тапсырыпты. Оның айтуынша, бұл қару соғыс ардагері атасынан қалған көрінеді. Аталған акцияға республикалық бюджеттен біздің облысқа 19 млн. теңге бөлініпті.
Баспаөз мәслихатын жүргізіп отырған облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағанбетов үшінші мәселе бойынша жол-патрульдік құрылымын біріктіру бағытындағы жұмыстарға кеңінен түсінік берді.
Елбасының былтырғы алтыншы наурыздағы Ішкі істер министрлігіне қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жұмыстарды жетілдіру бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында кешеден бастап еліміздің барлық өңірлерінде әмбебап полиция қызметі жұмысын бастады. Бұған дейін Павлодар және Жамбыл облыстарында жүргізілген эксперимент оң нәтижесін бергенге ұқсайды. Журналистер сауалдарына тұшымды жауап берген Әмірбек Шаймағанбетов жаңа құрылымының сенімді ақтайтындығын жеткізді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.