Электронды тіркеу тәртібі

Қоғамдық қатынастарға нәтижелі және мақсатты құқықтық ықпал етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі құралы нормашығармашылық қызмет болып табылады.

Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының үйлестірушісі ретінде заң жобаларының сапасына ерекше көңіл бөледі.

Заң сараптамасы-Нормативтік құқықтық актінің жобасын не қабылданған нормативтік құқықтық актінің Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеру.

Заң сараптамасының міндеті адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдігіне, Қазақстан Республикасының егемендігіне, қазақстандық қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуына бағытталған ұлттық заңнаманы қалыптастыруды қамтамасыз ету болып табылады.

Әділет органдарының негізгі міндеттерінің бірі орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу болып табылады.

Әділет органдарының нормативтік құқықтық актілерді тіркеу қызметінің басты мақсаты – бұл мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың Актілерінің заңдылығын қамтамасыз ету.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік органдардың жалпыға міндетті, азаматтардың құқықтарына, міндеттеріне және бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілері әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жатады. Тіркелмеген нормативтік құқықтық актінің заңдық күші болмайды.

Осыған байланысты, Әділет департаменттерімен мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады.

Тіркеу қызметінде Жобаларды әділет органдарында міндетті келісу жұмысы 2018 жылдың қазан айынан бастап іске асырылуда. 2019 жылдан бастап барлық деңгейдегі Актілердің жобалары мемлекеттік органдардың интранет-порталы (бұдан әрі -МОИП) арқылы келісіліп, электронды тіркелуде.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 6 қазандағы №568 және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» 569 қаулыларында

жергілікті мемлекеттік органдары актілерінің электронды түрде әзірлеу, келісу және тіркеуге ұсыну тәртіптері көрсетілген.

           Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу үшін әділет органына – МОИП арқылы  мемлекеттік органның бірінші басшысының, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.

Жергілікті әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары аумақтық әділет органдарына міндетті түрде келісуге жіберіледі.

Сонымен қатар, әзірлеуші мемлекеттік органдар  нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеп, МОИП арқылы әділет органдарына келісуге жіберілуін қамтамасыз етеді.

 Әділет органдары жергілікті мемлекеттік органдармен әзірленген нормативтік құқықтық актілерінің жобаларымен келісуді  келіп түскен күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Тиісті аумақтарда карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндiк аймақты белгiлеу (күшiн жою) туралы, ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастауды), сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау келіп түскен күнінен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акт жобасын келісу келіп тускен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

Әділет органдарынан ескертусіз келісу туралы жауап алынғаннан кейін ғана акті қабылданып, мемлекеттік тіркеуге ұсынылады.

Жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері әділет органдарына қазақ және орыс тілдерінде МО ИП арқылы электронды түрде – олар бекітілген күні, қағаз түрінде – бекітілген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде,  мәслихаттар қабылдайтын нормативтiк құқықтық актiлердi ұсыну мерзімі осы актілер қабылданған, яғни мәслихаттың сессиясы өткізілген күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылады.

Мемлекеттік тіркеу әділет органдарына әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен, ал бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

Заң сараптамасының нәтижелері бойынша келіп түскен құжаттарда кемшіліктер болған жағдайда пысықтау үшін қайтарылады, нормативтік құқықтық актіні пысықтау кезеңінде мемлекеттік тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады және мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынылған жағдайда қайта жаңартылады, жергілікті мемлекеттік органдар  кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдап, мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісуді жүргізу уақытын қоса алғанда, 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қайта жібереді, одан кейін әділет органдары пысықталған нормативтік құқықтық актіні 3 (үш) жұмыс күні ішінде тіркеу жұмыстарын жүргізеді.

Электронды тіркеу басталғалы бері 3000-ға жуық Жоба ұсынылса, соның 1030 ғана нормативтік құқықтық акті ретінде бекітіліп, мемлекеттік тіркеуден өткен.

Норма шығармашылық қызметтің негізгі проблемаларының бірі мемлекеттік органдар әзірлейтін, нормативтік құқықтық актілердің сапасы болып табылады.

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдармен жол берілген қателіктер мен кемшіліктер салдарынан нормативтік құқықтық актілерді түзетуге, кері қайтаруға немесе тіркеуден бас тартуға әкеп соғады. Тіркеу тәжірибесінде заң техникасының талаптарына сәйкес келмеуі, жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге қайшы нормалардың қамтылуы және т.с.с. заң бұзушылықтар жиі кездеседі.

Аймақтағы норма шығармашылық қызметтің сапасын арттыру, құқық түсіндіру бағытындағы жұмыстары да Әділет департаментінің назарынан тыс қалмаған. Мәселен, өкілді және атқарушы органдардың қызметкерлерін тағылымдамадан өткізу, конференция, семинар-кеңестер, көшпелі семиналар мен дәрістер жүйелі түрде ұйымдастырылады.

Әділет департаментінің бастамасымен облыстағы норма шығармашылық қызметтің сапасын арттыру мәселелері облыс әкімі аппаратының мәжілістерінде, мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің Үйлестіру кеңесінің отырыстарында жүйелі түрде талқыланып отырады.

Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу саласы бойынша әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 457-бабында  қарастырылған. 

Мемлекетіміздің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуының басты құралы - халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті ұлттық заңнаманың жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету екенін ескерсек, Әділет органдарымен жүргізіліп жатқан норма шығармашылық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын таба бермек.

Н.Арзықұлова, 

облыстық әділет департаментінің бас маманы,

Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі
АҚПАРАТ 25 сәуір 2020 г. 146 0