Пандемия: Қай елде қандай қолдау?

Әлем елдері карантинде отыруға мәжбүр болған тұрғындарына қандай материалдық қолдаулар көрсетуде? Алдымен көршілес мемлекеттердің төтенше жағдай кезінде қабылдап жатқан шараларына тоқталайық.

Ресей жұмыссыз, табыссыз қалғандарға «несиелік демалыс» жариялады. Пандемия кесірінен табысы 30 проценттен кемісе, онда азаматтың несиесі 6 айға шегеріледі. Кәсіпкерлерге қайтарымсыз көмек көрсетіледі. Ал Өзбекстанда жалғызбасты қарттар мен мүгедектер азық-түлік және гигиеналық заттармен тегін қамтамасыз етіліп жатыр. Кәсіпкерлердің несие төлемдері кешіктіріледі немесе шығындарының бір бөлігі өтеледі. Бұдан бөлек, 100 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне үстемақы қосты. Қырғызстан 200 мың отбасыны азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етті. Бірақ, мұқтаж жандардың қатары одан да көп. Жалпы, елде коронавируспен күресу үшін 1 миллиард сом бөлінді.

Әзербайжан мемлекеті 600 мың адамға 190 манаттан, яғни 47500 теңгеден берді. Ал Грузия билігі эпидемия кезінде экономиканы қолдау үшін 2 миллиард лари бөлді. Бұл 600 миллион АҚШ долларына тең.

Ұлыбритания бизнесті қолдау шараларының қатарында компанияларға 330 млрд евро несие кепілдігін ұсынып отыр. Несиенің максималды көлемі 1,2 млн евродан 5 млн евроға дейін ұлғайып, алғашқы 6 айға жеңілдік берілді. Қаржылық қиындықты бастан кешіп отырған британдықтардың ипотекасы 3 айға шегеріледі. Оған қоса бөлшек сауда кәсіпорындары, қонақ үй, туристік бизнес пандемия кезінде салықтан босатылады.

Германия кәсіпкерлер мен компанияларға, тұрғындардың түрлі топтарына арналған көмек пакетін қарастырған. Мемлекеттік қолдау көлемі 750 млрд евроны құрайды. Жалға берушілерге жалға алушылармен арадағы келісім-шартты ақысын төлей алмағаны үшін бұзуға тыйым салынды. Елдегі ауруханалар 3 млрд евро көлеміндегі қолдауға ие болды. 

Италия төтенше жағдай кезіндегі қолдау шараларына 25 млрд евро бөлді. Ал денсаулық сақтау саласына 3,5 млрд евро бағыттап отыр. Займдар мен ипотекалық несиелерді төлеу тоқтатылды. Ол банктерге арналған мемлекет кепілдігінің қаржысы арқылы жабылады. Жұмысқа бара алмай отырған итальяндықтарға арнайы төлемдер берілуде. Ал жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтушісін жалдау үшін 600 евро төленді. Отбасылар мен кәсіпкерлерді қолдауға 10 млрд евро қаржы қарастырылған.

Испанияда да коронавируспен күреске 200 млрд евро бөлінген. Елдің Премьер-министрі Педро Санчес бұл жоспарды «ел тарихындағы ең үлкен мобилизация» деп атады.  Польша Үкіметі қызметкерлерін қысқартпаған компаниялардың айлық жалақысының 40 процентін жабуға,  Франция ұсақ сауда кәсіпорындарына 1500 евродан төлеуге уәде беріп отыр.

АҚШ Президенті кеселден зардап шеккендерді қолдауға 100 млрд евро бөліп, жылдық табысы 75 мың доллардан кем азаматтарына қаржылай жәрдемдесу үшін 500 млрд доллар берілетінін айтты. Бразилия 84 млрд реал қаржыны тұрмысы төмен отбасыларына бағыттамақ. Зейнеткерлерге 13-айлық әдеттегідей желтоқсанда емес, мамыр айында төленетін болды.

Азия елдеріне келсек, Қытайдың Халық банкі несие проценттерін төмендетсе, Оңтүстік Корея тек шағын және орта бизнеске 47 млрд АҚШ долларын бермек. Түркия ең төменгі зейнетақы мөлшерін 1500 түрік лиріне дейін ұлғайтып, Египет өндіріске пайдаланылатын табиғи газ, электр энергиясының бағасын төмендетуде.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
АҚПАРАТ 25 сәуір 2020 г. 271 0