
Коронавирусты анықтайтын екі түрлі тест бар. Бұл туралы Қостанай облысы аумағына карантин енгізуге қатысты өткен онлайн брифингте айтылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Коронавирусты анықтайтын екі түрлі тест бар. Біріншісі – ПТР тест. Оның бағасы тіпті экономикалық дамыған елдер үшін де өте жоғары. Оның бағасы 5 мың теңге. Бірақ ПТР тапсырғаннан кейін 1-2 күн өткен соң коронавируспен ауырып қалмайтының туралы кепілдік жоқ. Екіншісі – экспресс тест. Оның бағасы 800 теңгеден басталады. Бұл тест адамның ауырып қалғанын және немене оның ағзасында аталған ауру белгілері бар екенін анықтайды», - деді Қостанай облысы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетов.
Ол бұл тесттер елімізге келгенін, келесі аптада тиісті жерлерге жеткізілетінін айтты.
«Бұл сұрақтар «Олимп» жеке компаниясы арқылы шешіледі. Олар қазіргі уақытта дайындалып жатыр, тұрғындар сұрақтарының жауабын солардан алады. Барлық тұрғынды тестпен қамтамасыз ету мүмкін емес және дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл жерде кешенді түрде жұмыс істеу керек. Инкубациялық кезең екі аптаға созылады», - дейді ол.