Мешітте тек азан шақырылуда

Елімізде төтенше жағдайдың орын алуына байланысты мешіттерде жұма намаз тоқтағаны белгілі. Осыған сәйкес, ҚМДБ жұма мен бес уақыт намаз оқуға қатысты пәтуа да шығарды. Бүгінде ауыр індеттің таралу қаупі жоғары болғандықтан, әркім өз үйінде құлшылық етуде. Осы ретте аймақтың бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қайтқан адамның жаназасын шығарып, қырқын, жүзін, жылын атқарғанда да адамдарды көп шоғырландырмауға кеңес берді.

– Өмір бар жерде өлім бар. Адам­ның Алла бұйыртқан дәм-тұзы дәл осы уақытқа жетіп таусылса, жа­назаға көпшілікті жинамай, уақытты созбау керек. Жаназаға имам барады да, марқұмды мәңгілік мекеніне жайғастыруды неғұрлым тезірек атқаруға шақырады. Адамдарды жинап, тамақ беруге болмайтынын айтып жатырмыз, – дейді ол.

Қазіргі уақытта аймақта ме­шіттер жұмысын тоқтатып тұр. Тек азан шақырылады. Қайтқан адам­ның қырқын, жүзін жасамауға барынша насихат жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін жұртты шақырып қойдым, ұят деп үйде  ас-жиындарды өткізіп жатқан тұрғындар болған.  Халық енді-енді түсініп, тоқтатып жатыр.

– Бүгінгідей жағдайда ас бе­ру дұрыс емес. Себебі, шариғатта әрбір істеген ама­лы­­мыздың пайдасы болу керек делін­ген. Сондықтан ас беру, қырқын өткізу дегенді тоқтату қажет. Жана­заның өзі тек  жақын туыстармен көпке созбай шығарылуда. Пайғамбарымыз (с.а.у) хадис шәр­пінде айтады. Індет, оба ауруы шық­қанда адамдар осы аурумен ауыр­маймын деп үйінде отырса, онда оған шәһидтің, яғни Алланың жолында соғысып өлген адамның сауабы беріледі. Қазір дәл сондай жағдайға жеттік. Біз оқшаулану, үйде отыру арқылы ғана бұл індетті жеңеміз,  – деді бас имам.

Жалпы ислам дінінде кейбір ғи­бадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мы­салы, адамның өміріне, денсау­лығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті, жұма намазға қатысуын міндеттемейді. Сондықтан індет өршіп тұрған тұста әрбір адамның үйде құлшылық жасап, «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқығаны абзалырақ.

Айта кету керек, «Ақмешіт-Сыр­дария» мешіті қысылтаяң шақта қайырымдылық шарасымен де айналысып, қала тұрғындарына  2 мың дана бетперде таратса, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етуде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 

АҚПАРАТ 09 сәуір 2020 г. 387 0