« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
2013 жылы бұл конкурс "ҚазГерМұнай” БК” ЖШС-ның 20 жылдық мерейтойы аясында компанияның "Ақшабұлақ” кенішінде өткізілген еді. Ал биылғы байқау Атырау облысындағы "ЕмбіМұнайгаз” АҚ кенішінде ұйымдастырылды.
Оған Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облысындағы мұнайгаз саласындағы компаниялардан елу шақты қатысушы келді. Бұл байқауда "ҚазГерМұнай” БК” ЖШС жалпыкомандалық үшінші орынға ие болды. Кәсіби мамандар байқауында сырт алаңда шеберлік көрсету спорттағыдан да қиын. Олай болатын себебі, мұнай өндіретін кәсіпорындардың өндіру технологиялары көп жағдайда кеніштің геологиялық ерекшеліктеріне және оны пайдалану мерзімдеріне байланысты болып келеді. "ЕмбіМұнайГаз” АҚ – мұнай өндіру саласында ғасырдан аса жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған компания. Соған сәйкес қондырғылары да құрылғанына бар болғаны жиырма жыл болған жас компания "ҚазГерМұнай” БК” ЖШС қолданып жатқан қондырғылардан өзгеше болады. Әлбетте, нақты бір қондырғы түрінде күнделікті жұмыс істемегеннен кейін, онда жыл бойы жұмыс жүргізетін әріптесіңді басып озу қиын.
Ал өздері жұмыс жасайтын қондырғыларда бәсекелестер жоқ екенін қазгермұнайлық мамандар былтырғы жылы "Ақшабұлақта” өткен "Үздік маман” байқауында дәлелдеп берген болатын. Еске сала кетейік, ол кезде байқаудағы тоғыз бірінші орынның барлығын қызылордалықтар жеңіп алған еді. Әрине, жергілікті жерде өткен байқаумен салыстырғанда Атыраудағы көрсеткіш төмендеу екені рас. Алайда, қазылар да, әріптестері де біздің жігіттердің де және барлық қатысушылардың да шеберлік деңгейі жыл өткен сайын өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл байқаудың өз міндетін табысты орындап келе жатқанын көрсетсе керек.
"ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ-ның еншілес кәсіпорындары арасындағы "Үздік маман” байқауы – кәсіби шеберлік чемпионатының ең биік шыңы іспеттес. Ал оған дейін өндіріс орындарында іріктеу жарыстары өткізіледі.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы жанкүйерлер үшін онша қызықты емес. Барлық қатысушылар компьютер алдында отырып, тестілерді толтырады. Бірақ қатысушылар байқаудың теориялық бөліміне барынша дайындалады. Өйткені, тестілеуге дайындық мамандардың шығармашылық белсенділігін дамытады, олардың жұмыстағы өнертапқыштық қасиеттерін арттырып, алдыңғы қатарлы жұмыс тәсілдерін енгізуге итермелейді.
Осы жолғы байқауда химиялық сараптама лаборанты Надежда Ли, пласттық қысымды реттеуші оператор Мәулен Өндірбаев, электргаздәнекерлеуші Николай Дичков өздерінің категориялары бойынша екінші орынды иеленіп, 100000 теңгеден сыйлық алды. Электрмонтерлар бригадасының мүшелері – Ғалымжан Маханбетжанов, Қайрат Тойболов, Болат Бордамбаев, тауарлық дайындау цехының мұнай айдаушы операторы Асхат Байсейітов, мұнай және газ өндіруші оператор Нұрлан Еламанов, слесарь-жөндеуші Әбілхан Мұзаппаров және токарь Қайрат Жарылқасынов 75 мың теңгелік сыйлыққа ие болды.
Байқауға қатысушылар сыйлықтан бөлек, баға жетпес тәжірибе алып, әріптестерімен танысты. Конкурс қорытындылары тек қана нәтижелер кестесінде көрініс таппайды, сонымен бірге өндіріс орнында өнімділік деңгейінің өсуіне ықпал етеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |