Ұлттық экономиканың қозғаушы күші ретінде кәсіпкерлік сала жылдан жылға өрістеп келеді. Осы орайда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін ынталандыру мақсатында өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы өткізілді. Оған облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаев қатысты.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келетін байқауға биыл 40-тан астам өтініш келіп түссе, оның 35-і қатысуға жолдама алды. Үш аталым бойынша өткізілген көрмеде кәсіпкерлер өздерінің шығаратын өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Бұл байқауға жыл сайын Сырдария ауданынан келетін қолөнер шебері Бибісара Бакова тоқыма бұйымдарынан түрлі өнімдерін көрсетті. Бүгінде кәсіптің көзін таба білген ол осы өнерін өзінен кейінгі сіңлілеріне үйретуде. Оның жетекшілігімен ауылда үйірме жұмысы ашылды. Мектеп оқушыларын тігін тігуге, түрлі-түсті жіптерден тоқыма бұйымдарын жасауға баулып келеді. Тіпті, оның шәкірттері өздері тоқыған қолғап, қалпақ секілді өнімдерден азды-көпті нәпақа айырып та үлгеріпті.
Ал жеке кәсіпкер Жібек Қожахметова бұл көрмеге алғаш рет келіп отыр. Отағасы Айтбаймен бірге кәсібін дөңгелентіп келе жатқанына бес жыл толды. Үй, кеңсе жиһаздарын шығарумен айналысатын ерлі-зайыптылар бүгінде 13 адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Олардың қолынан шыққан жиһаздар тек облыс көлемінде ғана емес, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларда сұранысқа ие. Әсіресе, балаларға арналған жиһаз түрлері өте көп. Қазіргі күні өңірімізде ашылған балабақшалардың жартысына жуығы осы «Диана» салонының өнімдерін тұтынуда. Жеке кәсіпкерге тапсырыс берушілер де артуда.
Көрме-конкурста түрлі нан мен тәттілердің таңғажайып әлемін ұсынған кондитерлік өнімдер, ағарған түрлері, қолөнер бұйымдары, құрылыс заттары орын алды. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банк филиалдары, қаржы орталықтары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қатысып, ақпараттық материалдар таратты.
Байқау соңында облыс әкімінің міндетін атқарушы Н.Әлібаев бүгінде аймағымызда кәсіпкерлік саласының дамуына жақсы жағдай жасалғанын айта келе, қатысушыларды «Үздік азық-түлік тауары», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымдары бойынша жеңімпаздарды І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапаттады. Жүлде иегерлері республикалық конкурсқа қатысатын болады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.