“АҚНИЕТ”АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШТЫ

“АҚНИЕТ”АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШТЫСыр өңірінде "Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.” компаниясының жетекшілігімен "Ақниет” әлеуметтік серіктестік бағдарламасының екінші кезеңі жүргізілуде.

Аталған бағдарлама әлеуметтік мәнге ие және ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған үздік жобаларды анықтап, қолдауға, халық шаруашылығы үшін жағдай жасауға, тұрғындардың бастамаларын жүзеге асыруға, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, сонымен бірге іскерлік белсенділікті қолдауға бағытталған.

Өткен жылы, яғни, бағдарламаның алғашқы кезеңінде конкурста алты номинация бойынша шамамен 1,5 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Осылардың ішінде 77 жоба жеңімпаз болып танылды. Нәтижесінде, 2013 жылы аймақта 18 шаштараз, 10 тігін шеберханасы, 5 техника жөндейтін сервис орталығы, сондай-ақ, жиһаз, кондитерлік цехтары мен дәріханалар, тіс емдеу кабинеттері, балалардың сауықтыру орталықтары, музыкалық мектеп пен балабақша және басқа да бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандар ашылған болатын. Жоба аймақтың үш ауданында, атап айтқанда, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария аудандарында жүргізілгені белгілі. Облыс әкімінің бастамасымен өмірге келген "Ақниет” әлеуметтік жобасы өз кәсібін ашып, ісін бастауға ниеттенген ауыл азаматтарына үлкен қолдау болғаны сөзсіз.

Бағдарламаның екінші кезеңі де өзінің сәтті жалғасын тапты. Биыл да аталған жоба жоғарыда аталған үш ауданда жүргізілді. Үстіміздегі жылы "Ақниет” бағдарламасы аясында жарияланған конкурсқа алты номинация бойынша 1151 өтініш түсті. Атап айтқанда, "Қоғамдық кәсіпкер”, "Жаңалық”, "Қолөнер”, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін "Қамқор”, ауыл жастары үшін "Бастама”, көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасының ата-аналары, жалғызбасты аналар үшін "Игілік” номинациясы бойынша қажетті қаржылар берілді. Конкурс қорытындысында жалпы саны 97 адам жеңімпаз атанып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Қызылорда облысында 9 шаштараз, 12 тігін цехы, 5 наубайхана, 4 дәріхана, 4 фотосалон, 5 жиһаз цехы, 4 ТҚКО, 4 жаттықтыру залы, 3 балалар ойын-сауық алаңы, ағылшын тілі оқу орталығы, компьютер орталығы, балабақшалар мен өзге де халыққа қажетті орындар ашылып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоспақшы.

Айта кету керек, 2007 жылы Қырымбек Елеуұлы Маңғыстау облысының әкімі болып тұрғанында "Лукойл” компаниясымен бірлесе "Арай” бағдарламасын аталған аймақта жүзеге асырған болатын. Сөйтіп, қаншама қарапайым жандардың өздері қалаған кәсібін ашуына тікелей себепші болған еді. Соның нәтижесінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік туды. Осы тамаша тәжірибені аймақ басшысы өзімен бірге Сыр өңіріне әкелді. Бағдарламаны үйлестіруші мамандардың айтуынша, байқау барысында ауыл тұрғындарының белсенділігі жоғары болған. Демек, "Ақниетке” деген ауыл тұрғындарының қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді.

Айнұр БАТТАЛОВА.


АҚПАРАТ 14 тамыз 2014 г. 961 0