КЕЛЕШЕГIМIЗ КЕЛБЕТТI, БОЛАШАҒЫМЫЗ БАЯНДЫ БОЛСЫН!

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болып өтті. Комиссияның күн тәртібінде "Қылмыс, терроризм, және экстремизмге қарсы іс-қимыл және профилактика бағытындағы құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара жұмысын нығайту” мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойын­ша облыстық ішкі істер де­пар­­та­менті бастығының мінде­тін атқарушы Нұрлан Анарбаев және облыстық ішкі саясат бас­­қармасының басшысы Руслан Рүстемов баяндама жасады.

Баяндамашылар негізгі мақсат азаматтық қоғам институттары мен құқық қорғау органдары арасында іскерлік қарым-қатынас және үйлесімді жұмыс қалыптастыру екендігіне тоқталып өтті. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үстіміздегі жылдың 7 айында аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші артып отыр. Осы мерзімде кәмелетке толмағандар тарапынан жасалынған қылмыстар өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 37 пайызға азайды. Дегенмен, мектеп, колледж оқушылары тарапынан қылмыс жасау фактілері азаймауда. Есепті мерзімде кәмелетке толмағандар 43 қылмыс жасаған. Мәселен, 2014 жылдың 7 айында облыс бойынша қылмыстық жауапқа тартылғандардың 51 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар екен.

Қылмыс, терроризм және экстре­мизмнің алдын алуда құқық қорғау органдары мен үкімет­тік емес ұйымдардың өзара жұмыстарын жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге барынша маңыз беріліп отырған жайы бар. Баян­дама жасаушылар бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен олардың оң нәтижелері туралы мысалдар келтіріп өтті.

Осы ретте, облыс әкімі комиссия отырысына қатысушыларға Елбасымыздың Қазақстан хал­қы­на жасаған Жолдауында тәртіп­сіз­діктер мен құқық бұзу­шы­лықтарға "мүлдем төзбеу­шілік” қағидатын қалыптастыруды тапсырғанын ес­ке салып өтті. Дамыған қоғамда жайлы подъездер, таза көшелер мен жарқын жүзді адамдармен ерекшеленуі тиіс. Тәртіпсіздік жа­сау, бетімен кетуге жол беру үлкен қылмыстарға жол ашады. Сондықтан да бұл бағытта бірлескен жұмыстар жүргізілуі керек. Осы орайда, облыс орталығында кейбір тұрғындардың қоғамдық тәртіптерге мойынсынбай, қаланы ластап, түрлі келеңсіз әрекеттерге барып жатқаны туралы бейнекөрініс қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл көріністерді жергілікті телеарналар арқылы көрсету туралы тапсырма берілді.

Аймақ басшысы қоғамдағы маргинал жастардың жағдайы алаңдаушылық туғызып отырға­нын атап өтті. Иә білімде, не еңбекте болашағы жоқ жастармен жұмыс жүргізу мәселесі күн тәртібінен еш уақытта түспеуі тиіс. Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы жастарымызға тікелей байланысты. Сонымен бірге, діни ахуалды қалыпты жағдайда ұстау, діни экстремизмнің алдын алу бағытындағы іс-шаралар жүзеге асырыла беруі керек. Осындай мақсаттағы жұмыстарды бірлесе жүргізу жөнінде облыстық ішкі істер, ішкі саясат, жастармен жұмыс жүргізу, білім, дін істері, денсаулық сақтау басқармалары басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.


АҚПАРАТ 14 тамыз 2014 г. 997 0