Қазалының берекелі күзі

Биылғы жыл қазалылық диқандарға бөтен болған жоқ. Басты дақыл күріштің әр гектарынан қомақты өнім жиналды. Сондай-ақ, өзге дақылдардан да алынған түсім көлемі ойдағыдай. Қазалыда машина-трактор паркін жаңалауда ілгерілеушілік байқалады.  Ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан бірқатар шетелдік өнімділігі жоғары техникаларды лизингтік тәсілмен сатып алды. Аудандағы «Сыр маржаны» серіктестігіндегі Германияның «CLAAS» комбайны, «MacDON» жаткасы қуаттылығымен баршаны мойындатты.  Осынау алып дала кемелерінің әрқайсысы 4-5 техниканың жұмысын бір өзі атқаратынға ұқсайды. 
Аудандағы молшылық мерекесі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Вокзал аумағындағы иін тірескен көліктерде есеп жоқ. Қауын-қарбыз, жемшөп, балық, мал тиеген техникалардың маңында сауда қызып жатыр. Әсіресе, Қазалы агротехникалық колледжінің кондитер бұйымдарына, Өркендеудің аппақ күрішіне, майлыбастық ағайындар әкелген қазақы қойларға, Жалаңтөстен жеткізілген бақша өнімдеріне, Ақтан батыр елді мекенінің жеміне, Бірліктің бау пішініне, Жанқожа батыр ауылының отынына сұраныс көп болды. 
Ортақ істен қашанда қалыс қалмайтын аудандық мәслихат депутаты Болат Ахметов басшылық жасайтын Қазалы көлік-техникалық колледжі бұл жолы да белсенділік танытты. Оқу мен еңбектің жалынан қатар ұстаған ұжым мүшелері дайындаған тұтыну тауарлары қас-қағымда өтіп кетті. Бұл көрініс барды ұқсата білу де ұлағаттылық екендігін жадымызға салды. 
Бұлшық еті білеуленген қапсағай жігіт зілдей кір тасын қақпақылдай ойнатқанда сүйсінбегендер кемде-кем. Талайды тамсандырған жігіт №226 гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғани Жолмырзаев болып шықты. Осынау сұңғақ бойлы азамат бұған дейін де аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда өз салмақ дәрежесінде топ жарыпты. 
Кең алаңқайға білім ордалары, түрлі мекемелер көрме ұйымдастырыпты. Бізді №190 мектеп ұстаздары әкелген аса ірі асқабақ өзіне магнитше тартты. Таразыға өлшегенде салмағы 50 келіден асып-жығылған өнімге айран-асыр қалдық. Сондай-ақ, №216 мектептің технология пәнінің мұғалімдері Гүлзира Қапарова, Ұлболсын Өтеулиева көпшіліктің назарына ұсынған гобелен сәтті жасалыпты. Шебер бейнеленген Жанқожа батырдың кесенесі, Абылай ханның бейнесі тартымдылығымен ерекшеленеді. Ал, №266 мектеп-лицейдің ұжымы күз молшылығын қаз қалпында жеткізді. Олар әзірлеген тағам түрлері нағыз мамандардың қолынан шыққанын байқатады. 
Шахра Имандосова көпшілікке білікті кәсіпкер ретінде танымал. Оның иелігіндегі «Ақтілек» қонақ үйі аудандағы ең үлгілі болып саналады. Темірдей тәртіпті басшылыққа алған нысан заманауи қондырғылармен жабдықталған. Әрі қалтаға да салмақ түсірмейді. Бүгінгі кәсіпкерлер көрмесіне мейрамханаға қарасты кондитер цехы зор тартумен келіпті. Олардың қарбыз-қауыннан жасалған жеміс ассортиінің дәмі тура таңдайыңда ериді. Құрамына тропикалық жемістер қосылған салаттар көздің жауын алады. Сонымен қатар, «Дастархан» кондитерлік өнімдер цехы тұтынушылардың талғамынан табылды. Сүйкімді өңді сатушылар Перизат Бөріғазы, Ақмарал Шишенбі көпшілікке сауда мәдениетінің қандай болуы қажеттілігін ұғындырғандай әсер қалдырды. 
Арнайы әзірленген көрме, арзан жәрмеңкені аралап шыққан аудан әкімі Бахыт Жаханов, облыстық мәслихат депутаттары Құлпыбай Ысқақ, Ібайдулла Тілеп, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, өзге де ел ағалары келесі кезекте оқушылар үйінде өткен салтанатты жиынға қатысты. Көпшілікті  күзгі жиын-терімнің сәтті аяқталуымен құттықтаған Бахыт Дүйсенұлы бір топ еңбек озаттарына марапаттар тапсырды. Рәсім барысында аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары әсем ән, күмбірлеген күйден шашу шашты. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы. 

АҚПАРАТ 31 қазан 2013 г. 1 172 0