Халықты жаппай кәсіпкерлікке тартудың жаңа шарттары

Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп, табысы орташадан жоғары деңгейдегі елдер тобына кірді. Мұндай орнықты өсу тұрғындардың біршама бөлігін анағұрлым нәтижелі жұмыс орын­дарымен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатын жақсар­туға, еңбек өнімділігінің артуына және жұмыссыздар мен нәти­жесіз еңбекпен айналысатын адам­дардың, әсіресе, ауылдық жер­лердегі адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

Еңбек нарығында қалыптасқан проблемаларды шешу және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бағытында қосымша шаралар қабылдау мақсатында Мемлекет басшысы 2016 жылы Үкімет алдына халықты жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде міндеттер қойды. Осыған сәйкес, елімізде жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу, адами капитал сапасын арттыру саясатын жаңғырту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету бағытында 2017 жылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске асырылды.

Үш жыл ішінде Бағдарламаға елімізде 1,3 млн азамат қатысқан болса, өңірімізде 99833 азамат қатысты. Бұл жылдары кәсіпкерлікті дамытуға 186 млрд теңге қаражат бағытта­лып, 39 мың шағын несие берілді. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде субсидия беру арқылы 414 мың жұмыс орны құрылды. Оның ішінде Қызылорда облысына 12,5 млрд теңге қаражат тартылып, 3 мыңнан аса азаматқа шағын несиелер берілді.

Айта кету қажет, халықты өнімді жұмыспен қамтуға тартудың негізгі механизмдері жетілдіріліп, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген жаңа өзгерістер өз күшіне енді. Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру үшін Бағдарлама аясындағы қысқа мерзімдік кәсіби оқытулар жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде жүргізілетін болады. Бұл ретте, жұмыс беруші оқудан өтетін тұлғаның жұмыспен қамтылуына кепілдік беріп, өз міндеттемесіне алады. Сонымен бірге, қайта даярлау курсы құнының кемінде 50 процентін жұмыс берушілермен қоса қаржыландыру негізінде еңбек шарты бойынша жұмыс жасайтындарды кәсіби дайындау механизмі енгізілді. Бұл өз кезегінде, ең­бек шарты бойынша жұмыс жасайтындардың еңбек жолындағы барлық кезеңдерде білім алуына, сондай-ақ жұмысшылардың жаңа білім мен дағдыларды алуы бары­сында жұмыс берушілердің қызығушылығының артуына мүм­кіндік береді.

Табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелерін кәсіп­кер­лікке тарту мақсатында Бағ­дар­лама аясында ұсынылатын шағын несиелердің көлемі 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, оларға шағын несие­лерді 7 жыл мерзімге дейін жылдық 4 процентпен беру бекітілді.

Бұдан өзге, халықтың барлық санаттары үшін мемлекеттік грант­тардың бірыңғай мөлшері 200 айлық есептік көрсеткіш болып енгізілді. Бұл жерде де табысы аз және көпбалалы отбасылардың мүшелері назардан тыс қалған жоқ, яғни оларға алдын-ала оқыту­ларсыз гранттар ұсыну мүмкіндігі қарастырылды.

Әрине, бұл қолдау шарала­рының түпкі мақсаты – халықтың әлеуметтік осал тобындағы азамат­тардың, оның ішінде NEET сана­тындағы жастардың басым бөлігін экономи­калық қызметке тартуға мүмкіндік беру.

Биылғы жылы Қызылорда облысына шағын несиелер беру бағытына 3,3 млрд теңге және мемлекеттік гранттар беру бағы­тына 873,5 млн теңге қаражат тартылып отыр.  Бұл қаражаттар аясында жыл көлемінде азаматты кәсіпкерлікке тарту көзделуде.

М.СЕЙДАЛИЕВА,

Бизнесті дамыту және қолдау

бөлімінің басшысы.

АҚПАРАТ 13 ақпан 2020 г. 175 0