БӨГЕНДЕГІ БАЛЫҚШЫЛАР МЕРЕКЕСІ

«Бақыт» шаруа қожалығының атағы көпшілікке жақсы мәлім. Қазір ұжымның балық өнімдері Грузия, Ресей, Әзербайжанға экспортталса, келешекте Еуропаға жө­нелтілмекші. Яғни, қожалықтың келешегі мұнан да зор болады деп күтілуде. Нақты кезеңде ба­лық­тан ұн-жем жасалуда. Оған қоса, құны 250 млн. теңгелік зауыт құрылысы бой көтермекші. Толық іске қосылғанда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Бөген, Тастақ елді мекенінде орналасқан заманауи тоңазытқышта тәулігіне 15 тонна балық өнімдері мұздатылады. Сонымен қатар, қолдағы 70 қайықтың басым бөлігі каюталы болуы еңбек өнімділігінің артуына септігін тигізуде.

Жуырда «Бақыт» шаруа қо­жа­­лы­ғының ұйымдастыруымен Ба­­лық­шылар мерекесі аталып өтілді. «Шағалалы қайыр» түбе­гін­дегі тойға сала майталмандары, арнайы шақырылған меймандар қатысты. Рәсімді «Бақыт» шаруа қожалығының төрағасы Аман­бай Ерхатов құттықтау сөзбен ашты. Жиналғандарға лебізін біл­дір­ген аудан әкімінің орынбасары Әділхан Алданов бір топ озат балықшыларға Алғыс хат тапсыр­ды. Мұнан соң «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің президенті Ж.Әбілов, Бөген ауылдық округінің әкімі Ш.Андызбаев, «Арал-Сырда­рия» бассейні облысаралық инс­пек­циясының» бас маманы Р.Сейіт­мұратов және басқалары жиналғандарға ақ тілегін жолдады. Қожалық төрағасы Аманбай Ерхатов ардагерлерге, еңбек озаттарына сый-сияпат көрсетті.

Мереке сәнін көршілес Қазалы ауданынан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасы айшық­тай түсті. Әсіресе, мәдениет қайраткері Орақ Баубеков өзінің «Жанқожа» батыр күй-поэмасын орындап, көпшілік ықыласына бөленді. Той соңында меймандар қайықтарға мініп, шалқар айдында серуен құрды.

Жұмабек Табынбаев.

Арал ауданы.
АҚПАРАТ 07 тамыз 2014 г. 1 247 0