ҰЛЫҚ МЕРЕКЕНІ ҰЛЫҚТАҒАН САЙЫС

"Ораза айт” намазынан кейін "Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінің алаңқайында қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту және қол күресінен сайыстар өтті.

Қызылорда қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты "Қажымұқан” спорт клубының ұйымдастыруымен өткен бәсекелерге "Қайнар” спорт клубы қоғамдық бірлестігінің нұсқаушылары мен қала және ауыл тұрғындары қатысты. Жарыстың мақсаты – Ұлық мерекені ұлықтап, асыл дінімізді насихаттау, сондай-ақ жұртшылықты достыққа, имандылыққа шақыру.

Қазақ күресі белдесулерінде 70 келіге дейін салмақта Руслан Беркінбай топ жарса, 70 келіден жоғары салмақта Нұржан Өндібаевтың өзгелерден басым болды. Гір тасын көтеруде Бағдат Еламанов дара шықса, қол күресінде Нұрсұлтан Ибадуллаевтың бағы жанды. Арқан тарту бәсекесінде бес адамнан тұратын ғылыми орталықтың "Жеңіс” командасы жеңімпаз атанса, Қараөзек ауылы мен "Қажымұқан” спорт клубының білекті жігіттері жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
АҚПАРАТ 31 шілде 2014 г. 759 0