Жаңашыл жобаларға жол ашық

Өткен аптаның жұмасында облыстық индустриялық-инно­вациялық даму және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Аталмыш шара барысында «Смарт Раббер» ЖШС-ның «Ескі автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығаратын өндірісі» және «Жан Арай жем» ЖШС-ның «Құрама жем өндіру зауыты» жобалары таныстырылды.

Алғашқы жоба үстіміздегі жылдың қаңтар айында тұсауын кескен. Оның құны 500 млн. теңгені құрайды. Бұл қаржының 290 млн. теңгесін «Дорстрой» ЖШС-ның өз есебінен шығарылса, қалған бөлігі «Қазкаучук» ЖШС тарапынан бөлінген. Қуаттылығы – жылына 270 тонна резеңке ұнтақ шығару. Сонымен қатар, серіктестіктің жылына 440 тонна белсендірілген резеңке ұнтақ, 3,9 млн. метр жерасты суару түтігін шығаруына мүмкіндігі бар. Серіктестік мамандарының айтуынша,жерасты суару түтіктері инновациялық өнім болып табылады. Әзірге елімізде бұл өнімге балама жоқ. «Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-нан «Казкаучук» ЖШС-на 210 млн. теңге шамасында грант қаражаты бөлініп, нәтижесінде Германиядан өндірісте қолданылатын технология жеткізілген. Негізінен өндіріске 2,5 тонна шикізат сату арқылы 1,5 тонна өнім алынады. Қазіргі уақытта зауытта 40-қа тарта жұмысшы еңбек етіп келеді.

Серіктестіктің коммерциялық директоры Эльдар Шаймағанбетов өндіріс орны шикізат тапшылығын көрмей отырғанын жеткізді. Өйткені, біздің өңірде бұрынғы жылдарда көліктердің жарамсыз дөңгелектерін өңдеу мәселесі ескерілмей келген. Соның салдарынан олар тау-тау болып үйіліп, көшенің көркіне нұқсан келтіріп жататын. Кейде оны өртеп, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жататын жағдай да кездесетін. Ендігі кезекте ондай келеңсіздіктерге жол берілмей, экологиялық таза өнімге негіз қаланып отыр. Оған қоса, жергілікті жерде сұранысы жоғары өнімдер өндіруге барлық жағдай бар. Аталмыш серіктестікке «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы негізінде жұмысқа келген слесарь Талант Өрікбаев жалақы уақытылы беріліп тұратынын, еңбек ету барысында мол тәжірибе жинақтап қалғанын жеткізді.

Біздің өңірде бүгінгі күнге дейін жем өндіру кәсіпорны болған жоқ. Соның салдарынан төрт түлікті түлетуге ниетті ағайын оны өзге өңір­лерден тасуға мәжбүр. «Жан Арай жем» ЖШС-ның құрама жем өн­діру зауыты сол олқылықтың орнын толтырады деген үміт бар. Жо­­баның құны 375,9 млн. теңгені құраса, келешекте бұл жерде 60-қа жуық адам екі қолға бір кәсіп табады деп күтілуде. Алдағы уақытта кәсіпорында тәулігіне 80 тонна құра­ма жем өндіріледі деген жос­пар жа­сал­ған. Жоба «Байқоңыр» ӘКК» ҰКАҚ қатысуымен жекеменшік және мемлекет арасындағы әріптестік не­гі­зінде жүзеге асырылуда. Оны жү­зе­ге асыру үшін екі жақ тарапынан бір­лескен кәсіпорын «Жан Арай жем» ЖШС құрылған. Кәсіпорын құрама жемді неміс технологиясы бойынша өндіреді.

Әділжан ҮМБЕТ.


АҚПАРАТ 29 шілде 2014 г. 936 0