АҚ ТІЛЕК АҚТАРЫЛҒАН КҮН

Кеше таңертеңгі сағат сегізде еліміздің өзге өңірлері сияқты облысымыздың барлық мешіттерінде Айт намазы оқылды.

"Айт” сөзі арабшадан тілдік қолданысымызға енген "мереке” деген мағынаны білдіреді десек, исі мұсылманға тән екі мереке бар. Соның бірі – Ораза айты болса, екіншісі – Құрбан айт. Атына заты сай Ораза айты мың айдан қайырлы рамазан айының аяқталған алғашқы күнінде басталады.

"Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітіндегі осынау имандылық шарасына арнайы келген аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев күллі жамағатты Ораза айт мейрамымен құттықтады.

– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жұртшылықтың асыл дінімізге деген көзқарасы көңіл қуантады. Бұл бағыттағы сауапты істерге билік тарапынан әркез тұрақты түрде қамқорлық жасала береді, – деген Қырымбек Елеуұлы жамағаттың мақсат-мұраттарының орындалып, Ұлық мерекеде ниеттерінің қабыл болуын, отбастарында береке-бірлік орнауын тіледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі имамы, облыстың бас имамы Талғат Омаров өз кезегінде аймақ басшысына Рамазан айында жасалған қайырымдылық шараларына жамағат атынан шексіз ризашылығын жеткізді.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


АҚПАРАТ 29 шілде 2014 г. 845 0