« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының орындалуы және 2014 жылдың І жартыжылдығында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды. Ол бойынша облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова хабарлама жасады.
Облыс әкімінің орынбасары облыстың алғашқы жартыжылдықтағы негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Қаңтар-маусым айының аралығында облыстың кәсіпорындары 593,2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,9 пайызға тең. Мұнай өндіру көлемі кеміп отырғанымен, өңдеу саласында 30,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Үстіміздегі жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын, 583 жаңа жұмыс орнын беретін төрт жобаны іске қосу жоспарланса, оның біреуі бүгінде пайдалануға берілді. Мемлекеттік бюджетке 24,1 млрд. теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсті. Бұл болжамдық көрсеткіштің 115,5 пайызы. Оның ішінде республикалық бюджетке түскені 4,1 млрд. теңге, бұл болжамдық көрсеткішпен салыстырғанда 127 пайыз болды. Ал жергілікті бюджетке түскені 20 млрд. теңге. Сәйкесінше болжамдық көрсеткішпен 113,4 пайызды құрады.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 109,5 млрд. теңге. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 83,9 пайыз. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі қазіргі бағамен есептегенде алдын ала есептеулер бойынша 8,4 млрд. теңге болды. 2014 жылы аймақта 121,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ол өз кезегінде 111,8 пайызды құрады. Осы кезеңде нақты сектордағы жаңа өндірістердің ашылуына, шағын бизнестің дамуына және жаңа әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуіне байланысты 5685 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрады. 2014 жылдың 1 шілдесіне жергілікті бюджет есебінен 414 аз қамтамасыз етілген отбасына 18,4 млн. теңге әлеуметтік көмек, 7910 отбасына 179,7 млн. теңге тұрғын үй көмегі берілген.
Мәжілісте өңдеуші сектордың өсу резервтері және тұрақты жұмыс орындарын құру туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мирасқан Төлебаев айтып өтті. Оның атап өткеніндей, Қызылорда облысында тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі жол картасы Үкімет тарапынан мақұлданды. Жол картасында шикізат базасын дамыту, «Баласауысқандық» кен орнының кварциттерін өңдеу бойынша өндіріс құру, Қызылорда қаласында ферроқұймалар зауытын салу және «Шалқия» кен орнының тау-кен байыту комбинатын салу жобасын іске асыру бойынша іс-шаралар қарастырылған.
Аймақта шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысы жайлы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құрманкүл Датқабекова есеп берді. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында облыста белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 24858-ге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101 пайызды құрады. Статистикалық тіркелім деректері бойынша 2014 жылдың І жартыжылдығында облысымызда шағын және орта бизнестің 5577 кәсіпорны тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға өскенін көрсетеді. ШОК субъектілерінен бюджетке түскен салық түсімдері 11,9 млрд. теңге болды. Бұл 9,3 пайызға өсуді көрсетеді. Осы кезеңде салаға "Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы шеңберінде 1,6 млрд. теңге бөлінсе, қаржы институттары арқылы 7,6 млрд. теңге несие берілген.
Осы ретте аймақ басшысы жартыжылдықта атқарылған жұмыстарға бағасын беріп өтті. Мұнай өндіру көлемі кеміп отырғанмен, басқа салаларда ілгерілеушілік байқалады. Осыдан екі жыл бұрын облыста «сақалды» құрылыстар аз болмаса, енді олардың қатарынан тек Талсуаттағы интернат қана қалып отырған жайы бар. Алдағы уақыттары оның да қаржысын шешу жұмыстары жүзеге аспақ. Жалпы құны 360 млрд. теңгені құрайтын екі ірі жоба – халықаралық автодәліз бен теміржол құрылысы аяқталуымен аймаққа келіп жатқан инвестиция көлемі азайып қалатындай еді. Әйтсе де, әуежай терминалы, көпір құрылысы, шыны зауыты және ферроқорытпа зауыты секілді нысандарға келетін инвестиция көлемі де бұрынғы межеге жақындап қалатын жайы бар. Қырымбек Елеуұлы барлық аудан әкімдеріне өздерінде индустриялдық аймақтар құру бағытында нақты жұмыстар жүргізу керектігін тапсырды.
Мәжіліс күн тәртібіне сәйкес "Байқоңыр” ӘКК” ҰК” басқарма төрайымы Жанат Самат өзі басқарып отырған құрылым жұмысын айтып өтті. Бүгінгі күнге ӘКК-ның инвестициялық портфелінде жалпы құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба болса, жүзеге асырылу қарсаңында тұрған тағы да 9 жоба бар. Олардың жалпы құны 9,7 млрд. теңгеден асады. Корпорацияның инвестициялық жобалары аймақта күріш және балық кластерін, көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ индустриалды-инновациялық дамуымен құрылыстың өркендеуіне бағытталған.
Облыс басшысы корпорацияның міндеті жобаларға қолдау білдіріп, демеп жіберу екенін жеткізді. Сонымен бірге өңірде жүзеге асып жатқан әрбір ірі жобаның айналасынан жаңа жобалардың туындап жатуы әбден мүмкін екенін айтты. Сондықтан, басқарма басшылары менеджерлік қасиетін барынша ашып, адамдармен тығыз байланыста қоян-қолтық жұмыс жүргізуі керектігін әр уақытта жадында ұстауы тиіс.
Аймақтың ауылшаруашылық саласында ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жайы көңіл көншітпейді. Облыс тұрғындарының 60 пайызы ауылдық жерде өмір сүруде. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру күн тәртібінен еш түспеуі керек. Бүгінде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатты қойылып отырған уақытта мал азығын дайындау мәселесі де алдыңғы қатарға шығатыны түсінікті. Облыс әкімі осылай дей келе, сала басшысы Дәуірбек Әбуовке "Сыбаға”, "Алтын астық” бағдарламалары бойынша жұмысты қарқындата түсуді тапсырды.
Күн тәртібіне сай облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Сайлыбаев облыста кәсіптік-техникалық білім жүйесін дамыту туралы баяндады. Облыс әкімінің іс-қимыл жоспарына сәйкес заманауи талаптарға сай келетін 3 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесін ұйымдастыру бойынша бірақатар жұмыстар атқарылуда. Ал облыс орталығындағы «СПМК-70» ықшам ауданында Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің 600 орынды оқу ғимараты мен 200 орындық жатақханасы бар жаңа кешенінің құрылысын салу үшін құны 1,9 млрд. теңге болатын жобаның сметалық құжаттары дайындалған. Әуелде оны "ҚазАтомӨнеркәсіп” ҰК қаржыландырады деген келісім болған. Бірақ ол шешімін таппағандықтан, Білім министрлігіне ұсыныс жасалып отыр. Аймақ жетекшісі осы бағытта жұмыс жүргізе беруді тапсырды. Ол болмаған жағдайда уақытты ұтқызбай, басқа қаржы көздерін қарастырып, құрылысты бастай беру мүмкіндігін іздестірген жөн.
Мәжілісте облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбеков облыс бюджетінің 2014 жылдың 1 шілдедегі атқарылуы және қаржылық тәртіп туралы есеп берді. Облыс бюджет түсімдерінің барлық түрі бойынша есепті мерзімге болжам көрсеткішінен артық орындалып отыр. Ал шығындар жоспары 98,3 пайызға орындалған. Т. Жақыпбеков бюджеттің шығысын орындаудан қалып келе жатқан бағдарлама әкімшіліктерін атап өтті. Сонымен бірге қаржы заңдылықтарын бұзып отырғандарды да келтірді.
Осы орайда облыс әкімі бюджеттің орындалу көрсеткіштері жақсы болғанмен, кемшіліктердің орын алып отыруы төзгісіз жағдай екенін жеткізді. Ол басқарма басшыларын жұмысты дұрыс жоспарлауға шақырды. Биылғы жылы 57 әлеуметтік нысан іске қосылуы керек. Сондықтан қаржыны уақытылы игеріп, заңдылықтарды қатаң сақтау қажет.
Мәжілісте қаралған соңғы мәселе ауылдық деңгейде әкімшілік реформалардың жүзеге асырылу барысы туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. Жергілікті мемлекеттік басқаруды дамыту және өзін-өзі басқару шегінде 2013 жылдан бастап ауыл әкімдеріне бірқатар қосымша маңызды функциялар жүктелді. Қазіргі таңда оларға жүктелген 67 функцияны іске асыру мақсатында 24 бюджеттік бағдарламалар қызмет етеді. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру, әлеуметтік көмек көрсету, автомобиль жолдарын салу және жөндеу, жастар тәжірибесі және мүгедектермен жұмыс жасау сияқты маңызды бағыттар болып саналады. Жергілікті әкімдерге әдістемелік көмек ұдайы көрсетіліп келеді. "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару” Заңын іске асыру бойынша ретімен жүргізілетін іс-шаралар жолданды. Әйтсе де, жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, жергілікті жерлерде заң нормалары нашар жүзеге асуда.
Облыс әкімі бұл бағытта аудан әкімдіктері көп жұмыс жүргізу керектігін баса айтты. Сонымен бірге ол кадрларды сақтауға шақырды. Қырымбек Елеуұлы мүлікті жария ету және қаржы амнистиясы секілді іс-шаралардың дұрыс өтуіне жағдай жасалуы керектігіне тоқталды. Сонымен бірге бюджеттің барлық кірістерінің орындалуы назарда болуы тиіс. Әкім облыстағы шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі жалпы ішкі өнімнің небәрі 9,5 пайызын ғана құрап отырғанын тағы да еске салып өтті. Бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіштердің қатарында. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту әр уақытта басты бағыт болуы қажет. Сөз соңында аймақ басшысы аудан әкімдерінің жұмысы атқарған істермен бағаланатынын жеткізді. Әрбір әкім өзі басқарып отырған аймақтың дамуы үшін инвестиция тарту мүмкіндіктерін тынбай іздестіруі керек.
Ыдырыс Тұрлығұлов.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |