ЖАҢАҚОРҒАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ОРТАЛЫҚ АЛАҢ СӘУЛЕТІ АРТАДЫ

ЖАҢАҚОРҒАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫБұл күндері ауданның сәулеті мен көркін кіргізетін орталық алаңда қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Оның көлемі кеңейтіліп, табанына өрнекті плиталар төселінсе, алаңның бір шетіне субұрқақ орнатылады. Сондай-ақ, алаңның айналасы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары да жалғастырылады. Әсіресе, көз жауын алатын түрлі гүлдердің құлпыруы алаңның көркін аша түсері анық. Бұл жұмыстарды тендер жеңімпазы «Ақжол» ЖШС өз дәрежесінде атқару үстінде. Аталмыш жұмыстарға елді мекендерді абаттандыру бағдарламасына сай 37 млн. теңге қаржы қарастылып, игерілу үстінде.

КӨШЕЛЕР КӨРІКТЕНЕ ТҮСТІ

Аудан орталығындағы көшелер «Елді мекендер­дің көшелерін күр­делі және орташа жөндеу» бағ­дар­ламасына сай биылғы жылы лайық­ты жөнделу үстінде.

Атап айтар болсақ, Қожанов атындағы көшеге 56 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Иманов атындағы көшеге 16 млн. теңге жұмсалынды. Сонымен қатар, жуық арада М.Көкенов атындағы көшеге де осындай жөндеу жұмыстары атқарылады. Бұл ауқымға үлкен көшелердің аралығындағы аралық көшелердің асфальттанғандығын қосуға болады.

Кенттегі бас көшенің бірі Хорасан ата көшесін абаттандырып, қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама жасалынса, кенттегі 28 көшеге тас төсеу жұмыстары да басталды. Бұл Жаңақорған ауданы орталығының көріктене түсуімен тұрғындар тіршілігіне қолайлылық туғызады деген сөз.

Нұрмахан Елтай.

Жаңақорған ауданы.


АҚПАРАТ 24 шілде 2014 г. 1 799 0