« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Жалағаш ауданы әкімінің қолдауымен есімі елге танымал би Өмірбай шешен зиратына ескерткіш белгі қою мақсатында "Бабаларға тағзым” атты жорық-саяхаты өткізілді. Бұл саяхатқа көнекөз қариялар мен жас ортасындағылар жасақталып, алты автокөлікпен шалғай жерде қоныс тепкен би зиратына ат бастарын бұрды. Аудан әкімдігі саяхатқа қатысушыларды барлық қажеттіліктермен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз еткен. Саяхатшылар межелі жерге барып-қайту жолдарын есептегенде 640 шақырым жолмен жүріп өтіпті.
Сөз орайы келгенде Өмірбай шешен өмірдерегіне сәл-пәл шегініс жасалық. Аузымен құс тістеген, тілімен түйін түйген, орақ тілді Өмірбай бабамыз 1768 жылы Жалағаш ауданына қарасты Ақшығанақ елді мекенінде дүниеге келіпті. Байқон би: "Балаң ой мен тілге бай болар, үш жүзге даңқы жетер, бұл бағы өзімен кетер” дегендей, кезінде Өмірбай үш жүзге танымал текті тұлға болған. Ол ел басына күн туған шақта елшілік жасаған, ағайын арасындағы дау-жанжалға төрелік айтып, ел-халықтың бірлігіне етене араласқан. Айтқан ойымыз орнықты болуы үшін Өмірбай биге қатысты бір ғана деректі назарларыңызға салалық.
Өмірбайдың сегіз жасар кезі болса керек. Кезіндегі Ақшығанақ ауылындағы бір кісінің баласы тұрмай, шетіней берген соң ауыл ақсақалдарын жинап, ас береді. Ас ішіліп болған соң үй иелері ақсақалдардан бата сұрайды. Үлкендер жағы бір-біріне сілтеме жасап, бата бере алмаса керек. Сонда есік табалдырығына таяу тұрған Өмірбай бала: "Үлкен кісілер жаңылды, жаңылмаса, не қылды. Төрден іздеген батаңыз, босағадан табылды. Осы берген құдайың, Алладан болсын қабылды, Құдай ашсын бағыңды, аумин” дейді ғой. Баланың батасынан кейін әлгі кісіні құдай қолдап, перзентті болыпты. Осыдан кейін-ақ Өмірбайдың тасы тауға өрлеп, ел-халыққа таныла бастайды.
Өмірбай шешеннің шөбересі Мұратбайұлы Мұқан ақсақал атасының ел арасында тараған аталы сөзін жинақтап жүрген көрінеді. Соның тағы біріне көз жіберелік.
Заманында Кенесары хан батыр Байқадам мен шәлкем-шалыс келіп, зынданға салдырады. Сонда Кенесарыға елшілікке Өмірбай келіпті. Аймаққа аты мәлім – Өмірбайды Кенесары құшақ жая қарсы алып, барлық жөн-жоралғыны жасайды. Дастарқанға ас келіп, Өмірбай биге бас тартылып жатқанда ол табақшыларға "қоя тұр” дегендей ишара жасап:
– Кенеке, даңқың алты Алашқа танымал қол бастаған батырсың, ел бастаған көсемсің. Ата салтымызда ағаның алдына түскенді көріп пе едің? Мен ағам Байқадам тұрғанда бас ұстамаймын, – деген екен.
Аталы сөзге тоқтаған Кенесары хан Байқадам батырды зынданнан алдырып, Өмірбай шешенмен табыстырған көрінеді.
Өмірбай шешен 1858 жылы Қарақұм қойнауындағы Жырақ тауының етегінде қайтыс болады. Жалағаштық жорықшы-саяхатшылар осы кішігірім Жырақ тауы етегіндегі Өмірбай зиратына ескерткіш белгі қоюды мұрат еткендіктерін жоғарыда айттық қой. Жалағаш қыстағынан 320 шақырымға жуық шалғай жатқан Жырақ қыратына олар тоғыз сағат бойы көлікпен жүріп жетеді. Шешен би зиратына ескерткіш белгілерін қойған соң Кіші Жырақ бұлағының басына барады. Кеңестік дәуірде қазылған артезиан құдығының бұлақ суы әлі де тоқтамастан бұрқылдай ағып тұр екен. Мұп-мұздай, тап-таза мөлдір суға жуынған жалағаштықтар рахат сезіміне бөленеді. Бір айта кетер жайт, Арал ауданында ішкі істер саласында басшылық қызмет істейтін жалағаштық азамат Нұрлан Қожамұратов ардагерлерге арнайы ат басын бұрып, арнайы дастарқан жайды. Аудан әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған осы бір игілікті іссапардың еліміздің ертеңі – жастарға берер ғибраты мен тағылымы орасан зор.
Е.ӘБІЛ.
Жалағаш ауданы.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |