
Баспасөз клубында облыс бойынша санэпидқадағалау департаментінің ұйымдастыруымен «Тұмау, жедел респираторлы вирусты инфекциясы бойынша эпиджағдай және оның алдын алу жолдары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өткізілді.
Мәслихатта департамент басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева тұмау және жедел респираторлы вирусты инфекциясының алдын алу бағытында жүргізіліп отырған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, биылғы жылдың тоғыз айында бұл вирусты инфекцияның 13715 жағдайы тіркелген. Оның ішінде аурушаңдық көрсеткіш 1970,5 құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 32,3 пайызға төмендегенін білдіреді. Тіркелген жағдайлардың 78,1 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Бірақ бұл көрсеткіш республикалық аурушаңдық көрсеткішінен екі есе төмен.
Сондай-ақ, есепті мерзімде облыс бойынша тұмау ауруының 54 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланған. Бұл ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі, яғни 65 пайызын төрт жасқа дейінгі балалар құраса, 5,5 пайызын 5 пен 14 жас арасындағы балалар және қалған бөлігін онан жоғары жастағылар құрайды. Жалпы тұмау жедел респираторлы вирусты инфекциясы бүгінгі таңда тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселе болып та есептеледі. Өйткені дүниежүзінде еңбекке жарамсыз болып табылған науқастардың 50 пайызы осы аурумен ауырғандардың үлесіне тиеді. Нақтырақ айтқанда, тұмау ауруы өзінің асқынуымен қауіпті. Сондықтан да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сырқаттанушылық пен асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын тұмауға қарсы вакцинацияны ұсынады. Бұл вакцинация барлық шығындарды екі есеге дейін қысқартады. Осы орайда, республика көлемінде үстіміздегі жылдың қазан айының бірінен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталды. Аталмыш іс-шараға орай облыс әкімінің арнайы қаулысымен тұмауға қарсы вакцина сатып алу мақсатында жергілікті бюджеттен 27798672 теңге қаржы бөлініп, оған 40800 доза вакцина сатып алынды. Негізі тұрғындар Қызылорда қаласындағы «Стимул» жеке клиникасында ақылы түрде тұмау ауруына қарсы алдын ала егулерін алуға да мүмкіндігі бар.
Жалпы, баспасөз мәслихаты барысында департамент басшысының орынбасары Ұ.Аханаева журналистер тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.