ЖАС МАМАН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Жуырда А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, Жастарды қолдау орталығы мен "Самұрық” инновациялық идеяларды дамыту орталығы” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Жас маман-2014” бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті. Оған жоғары оқу орнын бітірген түлектер мен жұмыссыз жүрген азаматтар қатысты.

Шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Г.Нұрбаева ашып, жәрмеңкенің маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, жәрмеңке барысында жастарға құқықтық кеңес беру үшін арнайы психолог, заңгер мамандар түсіндірме жұмыстарын жасады. Белгілі оқу орындары білім алуға шақырса, шағын және орта кәсіпорын мекемелері қажетті мамандықтар бойынша жастарды жұмысқа алуға тіркеді. Негізінен шарада 450-ден аса бос жұмыс орны ұсынылып, жастардың бітірген мамандықтарына қарай жұмысқа орналасуға септігін тигізді.

Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға бұл нәтижелі бастама болды. Бірі мамандығы бойынша жұмысқа орналасса, енді бірі Елбасының бағдарламасы аясында "Жасыл ел” және "Құрылыс жасағына” қабылданды. Енді олар қаламыздың көркейіп-көгалдануына, сәу­летті ғимараттары бой түзеуіне өз үлестерін қосатын болады. Сонымен қатар, жас отбасыларға "Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасы бойынша баспаналы болудың жолдарын арнайы дайындалған кітапшалар арқылы түсіндіріп өтті. Ал, өз кәсібімді тиімді дөңгелетемін деген жас кәсіпкерлер "Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының мамандарымен кеңесті.

Жазғы каникул кезінде жастар уақыттарын тиімді пайдаланып, "Жасыл ел” және "Құрылыс жасағында” еңбек етуде. Осындай жастардың бірқатары сөз алып, құрдастарын бірігіп еңбек етуге шақырды.

Жәрмеңкеге келушілердің бірі Гүлзат Әлменова "Жас өркен” колледжінің биылғы түлегі екен. Ол "Тасымалдауды ұйымдастыру, көлікте қызметті басқару” мамандығын игерген. "Оқуымды жақсы аяқтадым. Енді мамандығым бойынша жұмыс жасағым келеді. Міне, жұмыс берушілердің тізіміне қарап, өзімнің мамандығыма сәйкес келетінін қарап жатырмын. Түйіндеме қағазын дайындап келдім. Жұмысқа орналасуға ұсыныс білдірсе, ойланбастан келісемін”, дейді Гүлзат.

Шараға жиналғандар тиісті мамандарға сауалдарын жолдап, оған тұшымды жауап алды.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.


АҚПАРАТ 19 шілде 2014 г. 1 219 0