АРДАГЕРДІҢ АЙТАРЫ КӨП

Қызылорда локомотивті пайдалану депосында "Ардагерлерді ардақтайық” жобасын жүзеге асыруға арналған игілікті шара өтті.
"Нұр Отан” партиясының 15 жылдығына орай "Ұрпақтар сабақтастығы” тақырыбындағы бұл басқосуды "Теміржол” партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева жүргізіп отырды.
Шараның мақсаты – ардагерлер мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын орнатып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде аға ұрпақтың тәжірибесін тарату. Сондай-ақ, қарт кісілерді құрметтеп, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге шақыру.
Құрметті қонақ ретінде шақырылған Социалистік Еңбек Ері, "Құрметті теміржолшы”, Қызылорда қаласының "Құрметті азаматы” Оразтай Әбішев жас теміржолшыларға ақыл-кеңесін айтып, өскелең ұрпақты Отанын құрметтейтін ұлтжанды азамат болуға шақырды. Елдің құрметіне, халықтың ықыласына бөленген сексеннің сеңгіріндегі ардагерге "Теміржол” партия филиалының төрағасы Аманкелді Арысбаев гүл шоғын табыстап, байырғы болат жол иесіне деніне саулық, отбасына бақ-береке тіледі.
Б.СМАЙЫЛҰЛЫ.
АҚПАРАТ 15 шілде 2014 г. 774 0