РЕСЕЙДЕ ОҚИТЫН СТУДЕНТТЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

Өткен сенбіде облыстық білім басқармасының басшылығы Ресей жоғары оқу орнында білім алу үшін грант жеңіп алған жастар және олардың ата-аналарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында көпшілікті қызықтырған көптеген сауалдарға жауаптар берілді.
Баршаға белгілі, биыл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бас¬тамасымен аймақта алғаш рет Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өңірге қажетті мамандарды дайындау мақсатында облыс әкімдігі мен Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университеті арасында меморандумға қол қойылды. Осы келісім аясында қызылордалық жас¬тар Ресей бюджеті есебінен сол елдің жоғары оқу орындарында металлург және басқа да техникалық мамандықтарға оқуға мүмкіндік алды. Тап осындай меморандум Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетімен де жасалды. Ресейдің екі жоғары оқу орнының өкілдері биылғы көктемде Қызылордаға келіп облыс абитуренттеріне қабылдау емтиханын өткізді. Оған облыстың жеті жүздей жастары қатысты. Соның ішінде өз білімдерінің жоғары деңгейде екенін көрсеткен 153 түлек Мәскеу жоғары оқу орнының, ал 41 түлек Санкт-Петербург жоғары оқу орнының грантын жеңіп алды.
Ресей жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасы мен жас¬тарды оқыту және қызылордалық студенттердің тұратын жері мен басқа да көптеген ұйымдастыру мәселелерімен танысу мақсатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Сайлыбаев бастаған арнайы комиссия құрылды. Жақында осы комиссия Ресейде іссапармен болып қайтты. Кездесуде Б.Сайлыбаев Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне 70 баланың, ал Санкт-Петербург мемлекеттік технологиялық университетіне 23 баланың құжат тапсырғанын айтты. Аталған оқу орындарында студенттерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың барлығына жоғары баға берген жұмысшы комиссиясы жатақхана мен асхананың қазіргі заман талабына сай барлық талапқа жауап беретінін жеткізді. Соның ішінде қызылордалық жастар үшін жатақхананың жеке бір бөлігі дайындалып қойылған.
Сапар барысында қызылордалық делегация жоғары оқу орнының білім және ғылыми кеңесінде кездесулер өткізді. Қызылордалық студенттердің білімін жетілдіре түсу мүмкіндіктері мен оның жолдары, жалпы ресейлік білім беру жүйесіне талдау жасалды. Комиссия басшысы Б.Сайлыбаев атап өткендей ресейлік білім беру жүйесінің қазақстандық жүйеден бір ерекшелігі, ол Ресей жоғары оқу орнында оқитын студенттер үшінші курстан бастап екінші мамандыққа қатар оқи алады. Бұл қызылордалық студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені, олар техникалық мамандықпен қатар менеджмент, экономика секілді маман¬дықтарға оқи алады.
Кездесуде сонымен қатар, тағы да бір маңызды жағдай атап өтілді. Ол грант жеңімпаздарынан бөлек, Ресей жоғары оқу орындарына тапсырған жүзден астам түлек ақылы негізде оқиды. Аймақ басшысы облысқа қажетті мамандықтарға оқимын деген жастардың оқу ақысын қаржыландыруға уәде берді. Әрине, мұндай көмектің де қайтарымы болу керек екені де түсінікті. Соның бас¬тысы, оқуды бітірген жас мамандар туған жерге қайта оралып, осы жерде жұмыс істеуі міндеттеледі.
Бір сөзбен айтқанда, кездесуде жұмысшы комиссиясының басшысы қызылордалық студенттердің оқуына толыққанды жағдай жасалғанына сендірді. Осы жұмысшы тобының өтінішіне орай қызылордалық студенттер тек жоғары оқу орны басшылығының ғана емес, сонымен қатар Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің бақылауында болып, сондағы қазақ диаспорларымен қарым-қатынаста болады.
Кездесуге қатысушылар түлектер мен олардың ата-аналарының осындай жағдайларға байланысты сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар, олар достастық еліне біздің облыс¬тан көп студенттік топтың барып оқитыны алғашқы тәжірибе екенін де атап өтті. Енді осы жастар жақсы маман атанып, туған жерді түлетуге үлес қосады деген үлкен сенім бар.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
АҚПАРАТ 15 шілде 2014 г. 1 615 0