ЗАҢ АКТІЛЕРІНЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ

Келер айда ел Парламенті «Алкогольді өнімдер мен этил спиртін өндіру және айналымын реттеу туралы бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасын қарайды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.
Үстіміздегі жылы 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алкоголь өнімдеріне бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. 
Осыған байланысты өткізілген брифингте ҚР Салық комитетінің басшысы Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жұмыстармен таныстырып, осы салада бақылауды күшейту үшін атқарылатын жұмыстармен таныстырды.  
Аталған заң жобасы алкогольді өнімдерге акциздік құн салығын өсіруді қарастырады. Жоба бойынша құн салығы 2016 жылы 3,1 есе өседі.
«Баға көтерілген сайын алкогольді өнімдердің көлеңкелі нарығы өсе түсу қаупі де жоқ емес. Осыған байланысты, ҚР Қаржы министрлігі алкогольді өнімдер мен этил спиртін өндіру және айналымын реттеу туралы бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар туралы» жобасын әзірледі. Қазір ол мемлекеттік органдарға келісілуге жіберілді. Таяу уақытта Парламентке ұсынылатын болады», - деді брифингте Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев. Комитет төрағасы еліміздегі спиртті ішімдіктердің заңсыз айналымын тоқтату үшін бірқатар ілкімді жобалардың іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Түрлі бағалаулар бойынша елдегі алкогольді өнімдердің көлеңкелі айналымы 25-тен 30 пайызға дейін жетеді екен. 
Аталған заң жобасында спиртті ішімдіктерді сату орындары мен уақытын шектеуге, осы орайдағы заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты қатайтуға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылған.

АҚПАРАТ 26 қазан 2013 г. 1 002 0