АЙМАҚ СӘУЛЕТІНЕ СӘН БЕРЕТІН ЖОБАЛАР ҚОЛДАУ ТАПТЫ

АЙМАҚ СӘУЛЕТІНЕ СӘН БЕРЕТІН ЖОБАЛАР ҚОЛДАУ ТАПТЫӨткен аптада аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда бірқатар маңызды мәселелермен бірге сол жағалаудағы жаңа қоныс түсетін аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы талқыланды.
Кеңестің күн тәртібінде 5 мәселе қаралатынын жеткізген облыс әкімі кеңес мүшелерінің назарын алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасына аударды. 
Сырдария өзенінің үстінен салынатын көпір құрылысының жуырда басталғанынан жұрт хабардар. Ал, жаңа қонысты игеру осы көпір пайдалануға берілген соң басталмақшы. Сол кезде қызылордалықтар көптен күткен өзеннің сол жағалауын игеру ісі қолға алынады. 
Жиында сол жағалаудағы 1532 гектар аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы туралы «Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева тарқатып айтты. Ол екі ғасырлық тарихы бар шежірелі шаһардың бұған дейін тек Сырдарияның оң жағалауын бойлай салынғанын, өзен жағалай орналасқан қаланың сәулеттік келбетін дамытуға Сырдария сияқты ірі су артериясының мол мүмкіндігін пайдалану ісі қолға алынбағанын айтып өтті. Бұл олқылықтың орнын Бас жоспар толтырмақ. Сырдың бас қаласы – Қызылорда ендігі жерде осы жоспар бойынша дамиды. Л.Нысанбаеваның айтуынша, сол жағалаудағы жаңа қала Есіл өзенінің екі жағалауына орын тепкен Астана қаласы секілді ірі өзеннің жайлы микроклиматын, табиғи әсем көрінісі мен тартымдылығын пайдалануы тиіс. Қолданыстағы бас жоспар бойынша мұнан былай өзен Қызылорда қаласының сәулетіне сән беретін болады. 
Нақты кезеңде облыс орталығында 232 мыңнан астам халық тұрады. Ал, 2025-2035 жылдары тұрғындар саны 310-350 мың адамды құрайды деп күтілуде. Қарқынды өсуді есепке алсақ, қаланың перспективалық параметрі 2050 жылдарға қарай 400 мың жанға жетуі мүмкін. Демек, бұл шаһарға тұрғын үй құрылысын жүргізуге қосымша аумақтар қажет болады деген сөз. Осы күрделі мәселенің шешімін табу мақсатында өткен жылы  Сырдария өзені сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық жұмыстар жүргізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен былтыр 132,9 млн., ал биыл 107 млн. теңге қаржы бөлінді. Биылғы  қаралған қаржыға аталған аумақтың түбегейлі жос¬парлау жобасын әзірлеу жұмыстары қолға алынғанын атап өткен хабарламашы жаңа қоныста тек көпқабатты тұрғын үйлер салынатынын айтты. Бұған қоса, Сырдария өзенінің сол жағалауында әкімшілік-офистік, мәдени ойын-сауық, сауда-көрме және спорттық нысандар салу жоспарланып отыр. Олардың сәулеттік келбетінде ұлттық және шығыс сәулетінің элементтері кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, жағалау абаттандырылып, тынығу аллеялары, бульварлар мен жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер мен велосипедке арналған арнайы жолдар салынады. 
 Л.Нысанбаева солтүстік жағалаудың дамуына кедергі келтіретін бірқатар проблемаларды атап өтті. Жаңа қала ірге көтеретін аумақта қазір Қалғандария атты шағын елді мекен бар. Мұнда мал бағуды кәсіп еткен 23 отбасы түтін түтетіп отыр. Ол тұрғын үйлерді басқа жерге көшіруді және осындағы бейіттер маңайына санитарлық қорғау алаңын жасауды ұсынды.  
Жаңа қаланың барлық озық талаптарға сай келуі тиістігін атап өткен аймақ басшысы елді мекен тұрғындарын көшіру ісін «Жұмыссыздық-2020» бағдарламасының бір бағыты бойынша жүзеге асыруға болатынын жеткізді.
Мұнан соң Арал, Қазалы аудандарының базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру туралы «Геоинфо» ЖШС директоры Владмир Цымбал хабарлама жасады. Мұндай автоматтандырылған ақпараттық жүйе құру жұмысы Қызылорда қаласында осыдан 3 жыл бұрын атқарылды. Биыл бұл іс Арал және Қазалы аудандары орталықтарында жалғасуда. Облыс әкімі құзырлы орын басшыларына қалған 5 ауданды алдағы екі жыл ішінде осы жүйеге көшіруді  тапсырды. 
Кеңесте күре жолдың бойынан бой түзейтін бірқатар кәсіпкерлік нысандардың да жобалары қаралды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Ақжарма ауылына кіреберісінде салынатын жол бойы кешеннің эскиздік жобасы туралы «Ақжарма-1» ШҚ өкілі Марат Бисенов, осы автобанның Жосалы кентінің тұсынан салынатын жол бойы кешеннің эскиздік жобасы туралы жеке кәсіпкер Ибрагим Бертілеуов баян етті.
Ал, қаламыздың орталық алаңынан салынатын қазақ театрының эскиздік жобасы туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Сейілхан Тойбазаров айтып берді. Кеңес жетекшісі Қ.Көшербаев аталған театрдың көрермен залының 300-350 орыннан аспауын, ғимараттың барлық талаптарға сай келуін, мұның өнер адамдары үшін аса маңызды екендігін атап өтті. Театрдың қас беті аглай тасымен немесе ақ түсті мәрмәрмен қапталып, орталық алаңдағы ғимараттармен үйлесім табатын болады. 
Кеңес төрағасы басқарма басшысына облыста салынатын барлық құрылыстық жобаларда ұлттық сәулет өнері мен  нақыштардың молынан қамтылуын және оның шығыстың классикалық үлгімен үйлесім табуын басты назарда ұстауды тапсырды.  
Жалпы, басқосуда ұсынылған барлық 5 жоба комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

АҚПАРАТ 09 шілде 2014 г. 977 0