
Қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, бес парызының бірін өтеп жүрген мұсылман қауымына орталық "Ақмешіт-Сырдария”, қаладағы "Айтбай”, "Құддыс ишан”, Ыбырайхан және басқа да мешіттерде 30 күн бойы ауызашар ұйымдастырылуда. Оны мекемелер мен кәсіпорындар, ұйымдар мен шағын қожалықтар беруде.
Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-ның "Кімде-кім Рамазан айында ораза ұстаушыларды құрметтеп, ауызашар берсе ораза ұстағандай сауап алады” деген хадисін басшылыққа ала отырып, жамағатқа арнап жекелеген лауазымды адамдар да ауызашар беріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев ораза тұтушы жамағатпен қоса тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға ауызашар жасады.
Ауыз ашарда ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Талғат Сейіткәрімұлы жиналған көпшілікті қасиеті Рамазан айымен құттықтап, ұстаған оразаның қабыл болуына тілектестік білдірді, жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы айтты.
Осылайша орталық мешітте, қалалық, аудандық мешіттерде жамағат үшін 30 күнде 30 мәрте ауызашар ұйымдастырылатын болды.
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН.
***
Төрткүл әлемнің күллі мұсылмандары рухани жаңару айының алғашқы онкүндігін артқа тастады. Шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келген қасиетті айда ауыз бекіткен жамағатқа ауыз аштырып, сауапқа кенелушілер қатары биыл да көп болуда.
Қасиетті Рамазанның алғашқы күндерінің бірінде облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов дастарқан жайып, ауыз бекіткен мұсылмандардың ризашылығын алды. "Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітіне жиналған жұртшылық 120 адамға арналған ақшам намазынан кейін дастарқаннан дәм татты.
Имандылық рәсімінде сөз алған аймаққа белгілі ардагерлер алла үйіне жастардың көптеп келіп жатқандығына ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында облыстың бас имамы қасиетті айдың сауабын түсіндіріп, уағыз айтты.
***
Өткен жұма күні "Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінде облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ауызашар рәсімін жасады.
Айлардың сұл¬таны болған рамазанда сауабын Алладан үміт етіп, ораза ұстаушылар 120 адамға жайылған мол дастарқан басына жиналды. Олар¬дың арасында ақсақалдар қауымы, дін өкілдері, жастар мен тұрмысы төмен отбасы мүшелері, қаржы полициясы органдарының ар¬дагерлері мен қыз¬меткерлері болды.
Имандылық шарасында департамент бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат Қожабаев рухани жаңару айында мұқтаж жандарға көмектесіп, жетім мен жесірге, қарттар мен мүгедектерге мейірім көрсету сауапты амалдармен жалғасын таба беретіндігіне сендірді.
Шара соңында құран бағышталып, қасиетті Рамазан айының сауапты амалдары айтылды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.