БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН

Балалардың жазғы каникул күндері қызықты да көңілді өткені жөн. Сыр бойы балаларына қуаныш, жалын, алау маңындағы әндер мен спорттық  жетістіктерді сыйлаған «Қамқор аға, қамқор әпке» жобасын «Қызылорда» балалар қайырымдылық қоры өмірге әкелді. 
Жоба негізінен «Сорос-Қазақстан» қорының қаржыландыруымен жүзеге асырылуда, сондай-ақ облыстық білім басқармасы, облыстық футбол федерациясы, дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебі, «Жастар жетістігі» қоғамдық бірлестігі және  «Арай-Санрайс» тынығу лагері жобаның әлеуметтік серіктестері болып табылады. 
Оны ұйымдастырушылардың қызықты іс-шараларының бірі – шатырлы лагерь. Балалар достарымен, «қамқор аға, әпкелерімен» қала сыртына шығады,  балық аулап, футбол ойнайды, алау маңында ән шырқап, ағылшын тілін үйренеді, сөзжұмбақтар шешіп, жанған оттың астына картопты көміп пісіріп, ұмыт болғанды еске түсірді. 
– Жоба аясында «Бөлтіріктер» футбол командасы құрылды, – дейді Қызылорда балалар қайырымдылық қорының директоры Ақтоты Сариева. – Команда құрамын «Қайсар» командасының, Қызылорда футбол клубының жанкүйерлері құрайды.  Облыстық футбол федерациясының вице-президенті Асқар Сереков спартакиаданы ашып, ұйымдастырушылар атынан келесі жылдың маусым айына дейін жүргізілетін «Қамқор аға, қамқор әпке» жобасының жүзеге асырылуына атсалысуға дайын екендіктерін айтты. 
Балалар арасындағы футболдан өткен жолдастық кездесуде  «Арай-Санрайс» тынығу лагерьлерінің тынығушылары жеңіске жетті. «Бөлтіріктер» коман¬дасы  мен «Арай» командасы «Қызылорда»  қоғамдық қоры мен облыстық футбол федерациясының дайындаған медальдары мен сый¬лықтарына ие болды.
Жоба шеңберінде «Қызылорда» балалар қоғамдық қорының еріктілері жобаға қатысуға әр түрлі балаларды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді тартуда. Жобаның басты мақсаты – балаларды қоршаған ортаға барынша жақындастыру, олардың жақындарына деген  махаббат сезімін оятып, жауапкершілік қағидаларын ұстануға, алдына белгілі мақсат қоюға, өзін тәртіпке келтіруге, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.  Еріктілер бұған қуана жәрдемдесіп, көмек қолын созуда.
Г.РЕЙМБЕРГЕН.

АҚПАРАТ 09 шілде 2014 г. 989 0