Бейсенбіде Қызылорда қаласында 320 орындық «Шұғыла 2» балабақшасы ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және сенатор Мұрат Бақтиярұлы қатысты.
Балғындардың әдемі биімен, тақпақтарымен ашылған шара барысында салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова жиылғандарды, ата-аналарды жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады. Балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету мақсатында өмірге келген «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бүгінгі таңда қалада 108 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 11 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Биылғы жаңа оқу жылының өзінде қалада 5 жаңа білім ордасы, 7 балабақша және екі шағын орталық пайдалануға берілген. Жыл аяғына дейін қосымша үш жеке балабақша пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ашылу салтанатында сондай-ақ, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сенатор Мұрат Бақтиярұлы қызылордалықтарға құтты болсын айтып, балабақша құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Сейітқали Алшынбаевқа ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты шара соңында меймандар, жиынға қатысушылар жаңа балабақша ғимаратымен танысты.
Айнұр БАТТАЛОВА.