« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Тұтыну кооперативтеріне арналды
Жалағаш ауданында аудандық мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен СТК төрағалары қатысуымен жергілікті өзін-өзі басқарудағы селолық тұтыну кооперативтерінің алар орны бағытында пікір алысу кеңесі болып өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары А.Дәрібаев ашып, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Нұрымбет қысқаша хабарлама жасады. Аудан бойынша барлық елді мекендерде 2005 жылдан бастап 17 селолық тұтыну кооперативтері тіркеуден өтіп, олар көркейту-көгалдандыру, көше жарығын қамтамасыз ету және санитарлық-тазалық, аяқ су келтіру, ауыз су желілерін жөндеу жұмыстарын атқарып келген.
Жиында шығып сөйлеушілер өз сөздерінде СТК-ның алғашқы жылдардағы нәтижелі жұмыстарын тілге тиек етіп, кейінгі жылдарда бұл іске көңіл бөлінбей келе жатқанын айтып, бұл істі жандандыру үшін ең керегі – техника бөлдіру мәселесіне кеңінен тоқталды. Бүгінде әрбір елді мекенде ауыз су жүйесін жаңғырту, аяқ су жолдарын тазарту мен кеңейту, бақташы болмауынан мал ұрлығының көбейіп тұрғаны, егін егуде тұрғындарға көмектің болмауы сынды өзекті мәселелер туралы пікірлер ортаға салынды. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі мектеп, аурухана, медпункт, басқа да әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарын тек жергілікті СТК арқылы жүргізу, әрбір елді мекендегі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық қызметке деген сұранысын толық қанағаттандыру мақсатында тиісті кооперация заңы қабылданғанша облыстық, аудандық және қалалық бюджет есебінен СТК-лар меншігіне әзірге сенімді басқаруға бір-бірден трактор, өзі түсіргіш автокөлік, су айдайтын насос құралдарын алып беру, ауылдық округ әкімдеріне бюджет қаражатын тікелей (тендерсіз) беру жөнінде тиісті жоғары органдарға шығу туралы ұсыныстар айтылды.
Талқыланып отырған мәселеге орай облыстық СТК төрағасы С.Далдабаев бұл өзекті жұмыстың жақында облыс орталығында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысында кеңінен талқыланғанын, яғни жергілікті өзін-өзі басқару тұрғысында ауыл тұрғындарына қызмет ететін, ауыл әкімінің жұмысына жан-жақты қолдау, тікелей көмек көрсететін құрылым, ауылдағы қоғамдық билік тетігінің негізі – селолық тұтыну кооперативтері екені жөнінде жан-жақты әңгіме қозғалғанын қатысушыларға хабардар етті.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.
ҚОЛЖЕТІМДІ БАСЫЛЫМ
Кеше облыстық "Нұр Отан” партиясының мәжіліс залында келелі жиын болып өтті. Оған "Айқын” газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, "Айқын - Литер” ЖШС директоры Алан Әжібаев және Сыр өңірінің белді ардагер журналистері Толыбай Абылай, Ахат Жанаев, Әкім Мейірбеков пен қалалық кәсіпорын, мекеме басшылары қатысты.
Шараны облыстық "Нұр Отан” партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков жүргізіп отырды.
Елбасы биылғы Жолдауында әлеуметтік салаға басымдылық бергені белгілі. Осы орайда "Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек еліміздегі төл басылымдарға мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының жазылуын демеушілер есебінен ұйымдастыруды ұсынған болатын.
Міне, жағымды жаңалық алғаш болып Сыр өңірінен бастау алды.
Басқосу барысында сөз алған Нұртөре Жүсіп басылымға жазылудың мақсаты мен тигізер пайдасын тілге тиек етіп, мұндай игі бастаманың еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар, шара барысында жуырда ғана жоғары деңгейде аталып өткен БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесінің жалғасы ретінде нұротандықтардың атынан ардагерлерге сый- сияпат көрсетті.
Жиын соңында ардагер журналистер өздері еңбек еткен уақыттағы ақпарат құралдарының жетіспеушілігі, ескі технологиямен жұмыс жасағандары, сол кезде журналистиканың қоғам үшін атқарған қызметі мен алар орны жөнінде сыр бөлісіп, қызықты естеліктерін ойға алды. Көпшілікке әдемі жыр жолдарын ұсынды.
С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
Мүгедектер жайы басты назарда
Жабырқағанның жанынан табыл. Теңіз төскейінде бұл мәселе тұрақты күн тәртібіне қойылған. Аудан әкімі Абзал Мұхимов төрағалық жасаған бұл жиынға қала, кент, ауылдық округтердегі мүгедектер құрылымдарының жетекшілері, бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Жүздесуде Елбасымыздың халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауы, облыс бойынша қабылданған жол картасының мақсаты мен орындалуы, мүгедектерді оңалту бағдарламасы аясында өткен мерзімде атқарылған жұмыстар талқыланды.
Мұнан соң облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Досхана Қырымов өзінің хабарламасында тағдыры ауыр жандарды қоғамға бейімдеу, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау үшін игі істер атқарылып жатқанына тоқталды. Жиын соңында көпшілік көкейіндегі сауалдарға толыққанды жауап қайтарылды.
Береке ауылдан басталады
Аудан әкімі Абзал Мұхимов Сазды, Қосаман, Құланды, Беларан, Атанши ауылдық округтерінде болып, ел өмірімен етене танысты. Сапар барысында білім, мәдениет, денсаулық нысандарын аралаған әкім жұртшылық көкейіндегі ұсыныстарға қанықты.
Жіңішкеқұмда бой көтерген мектеп құрылысын сапалы, жедел жүргізуді тұрақты назарда ұстау, Беларан ауылдық округіндегі әкімшілік ғимаратын замана талабына сай ретке келтіріп, құжаттарын ресімдеу тиісті сала басшыларына тапсырылды. Сондай-ақ Арал, Қазалы аудандарын ауыз сумен қамтитын Қосамандағы ауыз су тұшытатын қойманы жедел жөндеуден өткізу қажеттігі қозғалды.
Суда қауіпсіздік сақтау шарасы
Қамыстыбас көлінің жағасында Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Суда құтқару қызметі» ММ Арал суда құтқару стансасының құтқарушылары аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп маңызды шара өткізді. Аталмыш іс-шараның мақсаты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздік қағидаларын сақтауы, судағы оқыс оқиғалардың алдын алу, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсету болып табылады.
Сондай-ақ, жылжымалы дауыс зорайтқыш құралдары арқылы Қамыстыбас көлінің адам көп шоғырланатын жерлеріне «Судағы қауіпсіздік сақтау ережелері» атты үгіт- насихат жұмысын жүргізді.
Жұмабек Табынбаев.
Арал ауданы.
АКАДЕМИК ОҚЫҒАН ДӘРІСТЕР
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында білім беру жүйесіне ерекше көңіл
бөліп, жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру маңызын баса айтуда.
Қазіргі таңда сапалық көрсеткіш ҰБТ нәтижелерімен сараланатын болды. Жасыратыны
жоқ, соңғы жылдары бітіруші түлектер математика пәнінен төменгі көрсеткіштерді
иеленуде. Осынау күрделі мәселеге орай облыс бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты түрлі оқыту семинарлары мен
біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыруда. Әсіресе, математика пәніне аса мән
берілуде.
Соның дәлеліндей, мұнда маусым айының екінші онкүндігінде "ТІМSS, РІSА халықаралық зерттеулері арқылы оқушылардың функционалдық математикалық сауаттылығын дамыту мен бағалау”, "Жаратылыстану-математикалық бағыттағы сыныптарда математиканы оқытудың мазмұны мен ұйымдастыру жолдары”, "12 жылдық білім беру жүйесіндегі математика пәнін оқытуда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мен бағалау”, "Бейсик, Паскаль тілдерінде бағдарлама құру және есептер шығару” тақырыбында математика және информатика пәндері мұғалімдеріне қысқамерзімді біліктілік арттыру курстары ұйымдастырылды. Курс аясында дәріс оқу үшін Мемлекеттік сыйлық иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев арнайы шақырылды.
Курс барысында академик тыңдаушыларға логикалық есептерді өмірмен байланыстыра отырып шығару жолдарын, сонымен қатар оқушылардың математика пәнінен ҰБТ көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында тиімді әдіс-тәсілдерді көрсетті. Математика майталманы өз дәрістерінде мұғалім мен оқушының шығармашылық жұмыстарының ғылыми деңгейін қалыптастыруда жаңа құндылықтар жүйесін жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Академиктің айтуынша, ұстаз үшін нәтижеге жету – шәкірттің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған білімдерін қажетіне тиімді пайдалана білуі шарт екен.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
Жастар жарқын болашаққа
Қазалыдағы жастар форумы осылай аталды. Аудан әкімдігінің шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес жас кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар арқылы берілетін көмектерді тиімді пайдалану, жастардың қоғамдағы өз орнын айқындау, уақыт талабымен үндесетін кәсіпкерлік түрлерін игеріп өндіріс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайтуға өз үлестерін қосуға арналған бұл форум көпшілікке жылы әсер қалдырды. Әсіресе, мәдениет үйінің фоесінде дайындалған жас кәсіпкерлердің өндірген өнімдері, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі қатысушылардың айрықша назарын аударды.
Аудан әкімі Бақыт Жаханов төрағалық жасаған жиында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Т.Сүлейменов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Б.Әбдіқадіров, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының менеджері Қ.Серемет, «Жастарды қолдау орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның ақпараттық-сараптамалық бөлімінің аға кеңесшісі А.Шөменова, «АТФ» Банк АҚ-ның облыстық өкілі Ю.Ли, Қазалы ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиев тартымды хабарлама жасады.
Форум барысында жас кәсіпкерлер тарапынан жаңа өндіріс цехтарын, қызмет көрсету орындарын ашу бағытында ауданда іске асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі арасында әріптестік келісімге қол қойылды. Жиын соңында аудан көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жүрген бір топ жас кәсіпкерлер аудан әкімінің, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының алғыс хатымен марапатталды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
МҰҚТАЖ ЖАНДАР КӨМЕКШІСІ
Елбасы Жолдауында айтылғандай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс.
"Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, "Нұр Отан” партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн!..” Бұл үстіміздегі жылы Елбасының халыққа арнаған "Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің бір парасы. Осы тапсырма шеңберінде жер-жерде мүмкіндігі шектеулі, көмекке мұқтаж азаматтардың жұмысқа орналасуына, олардың сауықтыру-емдеу мекемелерінде ем қабылдауларына жағдай жасалуда. Сырдария ауданы бойынша 1200 мүмкіндігі шектеулі адам есепте тұрады. Олардың 460-ы екінші, 430-ы бірінші топ мүгедегі болса, 183-і бала жасындағы, 77-сі көз мүгедегі. Соның ішінде 61-і қоларбаны пайдаланады. Яғни, тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылғандар.
Үстіміздегі жылы аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту акциясы ұйымдастырылып, жұмыс беруші мекеме басшысы мен мұқтаж азаматтар бетпе-бет кездесіп, 22 адам жұмысқа қабылданған болатын. Міне, енді мүмкіндігі шектеулі адамдарға "Инватакси” қызметі көрсетіле бастады.
– Бұл үшін 2 көлік сатылып алынды, – деді бізбен әңгімесінде аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Б.Сауытбаев. – Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына, поштаға, банкіге бару керек болса, біздің тасымалдау қызметіміз дайын. Әр қажет еткен адамға 2 сағат уақыт беріледі. Және келіп түскен тапсырысты реттеп отыратын кезекші қызметі де ұйымдастырылған. Қызметтік 2 ұялы байланыс орнатылған.
Мемлекет тарапынан жасалар қамқорлықты қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындап жүрген азаматтар мұқтаж азаматтың қасынан табылғаны қандай ғанибет. Өмір теперішін көрген жандар үшін бұл зор қолдау.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
Қаламгердің турнирі
Жақында Арал қаласында дойбыдан белгілі қаламгер Батырхан Дәрімбетті еске алуға арналған облыстық жарыс болып өтті. Екі күнге созылған турнирге 30-ға жуық сайыскер келді.
Ерлер арасындағы бәсекеге 22 адам қатысса, әйелдер арасында 8 дойбышы өзара шеберліктерін таразыға тартты. Екеуінде де аралдық дойбышылар белсенділігін танытып, өзгелерден мықтылығын дәлелдеді. Бармағанбетовтер отбасынан шыққан төрт перзент, 8-14 жас аралығындағы өрендер Сағыныш, Мейіржан, Сақыпжамал және Сабинаның тамаша ойындары жұртшылықты таңғалдырды. Әсіресе, 11 жастағы Мейіржан облыс чемпионы қазалылық А.Сәрсенбайды, спорт шеберлігіне үміткерлер – сырдариялық Р.Рахманбердиев пен жаңақорғандық Е.Түкібайды артта қалдырып, мүмкін болған 14 ұпайдың 12-сін жинап, бірінші орынға қол жеткізді. Ал қыздар арасындағы бәсекеде Сақыпжамал Бармағанбетова үздік шықты.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |