ҮЗДІК ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР АНЫҚТАЛДЫ

Осы аптада "Ақмешіт жастары” газеті және "Жас журналистер клубы” қоғамдық бірлестігі, Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастыруымен жас журналистерге арналған байқау қорытындыланды.

Жастардың шығармашылығын шыңдау мақсатында өткен байқауға бір ай көлемінде аймақтың түкпір-түкпірінен 100-ге жуық мақала келіп түсті. Материалдар мәселенің ашылуы мен талдау тереңдігі, авторлық ұстаным, дәйектің дұрыстығы критерийлері бойынша бағаланды. Қорытынды шарада "Ақмешіт жастары” басылымының бас редакторы Айжан Абдуллаева іріктеуден өткен 20 қатысушының еңбегіне елге белгілі журналистика майталмандары төрелік еткенін атап өтті. Сондықтан жүлдеге ие болғандар үздіктердің үздігі деуге болады. Байқаудың нәтижесі бойынша, "Халық” газетінің тілшісі Гаухарай Есімова "Алтын алқалы” ең жас ананы жартылай жарылқапты” мақаласымен І орынды иеленсе, ІІ орынды "Болашақ” университетінің студенті, "Әлім­сақ” журналының тілшісі Абай Тағыберген "Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін шектеп жүрміз бе?” мақаласымен ұтып алды. Ал ІІІ орынға "Адам болу оңай ма?” шығармасымен Сырдария ауданының №210 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аружан Мұханбетқали тұрақтады. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлығына "Ақмешіт жастары” газетінің тілшісі Ақмарал Олжабаева және Шиелі аудандық "Өскен өңір” басылымының тілшісі Ерұлан Дәткенов ие болды. Айта кетейік, жүлдегерлерді анықтауда қатысушының кәсіби журналист, студент немесе мектеп оқушысы екендігі ескерілді. Шара соңында, Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Г.Нұрбаева барлық жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Сара ОМАРОВА.
АҚПАРАТ 28 маусым 2014 г. 1 156 0