Берекелі де мерекелі алтын күз келіп, Сыр аймағы молшылықтың торқалы тойына кенелуде.
Сырдың сырлы толқынында өрілген,
Жатыр дала сары алтынға көмілген.
Мерейі үстем, мәртебесі жоғары,
Мол өнімнің биігінен көрінген, – дегендей, биылғы жыл сырдариялықтар үшін несібелі жыл болды. Еліміз егемендік алғалы қамбаларын дәнге, қораларын малға толтырған Сырдария ауданы еңбеккерлері «Ауыл шаруашылығы жылы» қорытындысы бойынша бас бәйгені қанжығаларына байлап, молшылық мерекесінің шуағына кенелді.
«Берекелі, мерекелі – Алтын күз-2013» атты сабантойға жиналған қауымнан көз сүрінеді. Қатарласа тізілген ақбоз үйлердің ақ дастарқандары келушілерге жайылып, ән мен күй көкке қанат қағып жатыр. Ел тайқазанын тасытқан егінжай ерлеріне аудан әкімі Ғанибек Қазантаев жүрекжарды лебізін жеткізді.
Аудан егінші-механизаторлары биылғы жылы Сыр салысы егілген 17920 гектар жердің әр гектарынан 51,3 центнерден өнім жинап, қамбаға 91929 тонна алтын астық құйып алды. Жекелеген шаруашылық құрылымдары бойынша Д.Ералиев басқаратын «Мағжан және К» ЖШС егілген 2002 гектар жердің әр гектарынан 71 центнерден Сыр салысын жинап, қамбаларына 14214 тонна күріш құйып алса, А.Камалатдин төрағалық ететін «Мәдіқажы» атындағы ЖШС 2550 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім жинап, қамбаларына 12750 тонна күріш құйған. Ал, жоңышқа өсіруші Ғ.Спанов аса құнарлы мал азығын күтіп-баптап, оның әр гектарынан 220 центнерден жоңышқа шөбін жинап, облыстың көшбастаушыларының бірі болса, «Сыр аймағының озат түйекеші» номинациясын 170 бас түйені толықтай аман сақтап, әрбір 100 інгеннен 50 бота алуды қамтамасыз еткен «Алиакбар-Ата Агро» шаруа қожалығының түйекеші Б.Тасыров жеңіп алды. Ауданның Сыр аймағының көш басына шығуына Б.Қадыровтың «Шаған Жер» ЖШС мен А.Құлбаев басқаратын «Қызылдихан» шаруа қожалықтары да сүбелі үлестерін қосты.
– «Әлемнің әміршісі – еңбек» деп, Елбасымыз айтқандай, биылғы жылғы сырдариялықтардың ересен еңбегіне ел-халқымыз риза. Қамбамыз астыққа, дастарқанымыз нанға толсын, – деген Ғ.Қазантаев еңбек озаттарын марапаттады.
Мұнан соң көршілес Жалағаш ауданының аудандық мәслихат хатшысы К.Сүлейменов сөз алып, сырдариялықтарды еңбек жеңістерімен құттықтап, ескерткіш сыйлық табыс етсе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухаманов сырдариялықтарға тілегін алғаусыз жеткізді.
Салтанатты шараға қатысушылар мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік ізін қалдырған» атты көрмені тамашалады.
Ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесіне қатысушылар орталық алаңда спорттық жарыстарды тамашалап, аудан өнерпаздарының әсем әндері мен күмбірлеген күйлеріне кенелді. Салтанатты шарада кешкілік гала концерт беріліп, соңы отшашуға ұласты. Сырдариялықтар молшылық мерекесінің шуағына бөленді.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.