Шиеліліктер «Алтын күз» мерекесін ерекше ықыласпен тойлады. Жиын-терімді үлгілі аяқтаған диқан қауымы берекелі күздің тартуына кенеліп, оны шат-шадыман көңілде жалғастырды. Қашанда көш басында жүретін шиеліліктер биылғы күзді де ерен табыстармен қорытындылағалы отыр. 24177 гектар жерге орналастырылған түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары ұйымшылдықпен жинап алынды. Мал шаруашылығында да толымды табыстарға қол жеткізілді. Осындай жетістік нәтижесі салыстырмалы бағамен есептегенде есепті кезеңге 2,3 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіруге мүмкіншілік берді.
Шиелі ауданы өнеркәсіп өндірісі мен кәсіпкерлік саласы жақсы дамуымен ерекшеленеді. Ауданның өнеркәсіп орындары 2013 жылдың есепті кезеңінде 14 млрд. 462 млн. теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі 2012 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексімен 103,3 пайызды құрады. Аталғандай жүйелі жұмыс арқасында ауданда тау-кен өндірісі 10 млрд. 232 млн. теңгеге жеткізілді.
Инвестиция, құрылыс саласындағы ілгерілеушілік ауданның рейтингін көтеріп тұр. Жоғарыда көрсетілгендей нәтижелі жұмыстар аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсарта түсіп, мепкелік көңіл-күйге жақсы әсер еткендігін айтқан жөн.
Биылғы тойдың өзгелерден ерекшелігі ақын, сазгер, әнші, әділет жолындағы күрескер Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойына арналуы еді десек, жаңылыспаймыз. Осы мереке аясында «Алты Алашқа аты мәшһүр Иманжүсіп» атты шара кең көлемді қамтыды. Осы тақырыпта облыс орталығында ғылыми-конференция өткізілсе, «Даланың дарқан тұлғасы атты» жазба ақындардың мүшәйрасы және «Ақ балдақ алмасымның сынығысың» атты айтыс ақындарының сайысы да қызықты тамашаланды.
Аудан орталығындағы стадионға ақ шағаладай киіз үйлер тігіліп, түрлі ұлттық спорт ойындары өткізіліп жатты. Аудан өнерпаздары тақырыпқа сай театрландырылған қойылым көрсетіп, Иманжүсіп атамыздың ерлік ісін паш етті.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл шаруашылығының қорытындысы туралы баяндама жасап, сала үздіктерін марапаттады. Олардың арасында «Қаптағай-К» ЖШС бас аграномы Әбуасан Тілеуов, «Шиелі авангард» ЖШС өндіріс бригадирі Ерлан Сұлтанов, «Жаңа Бестам» ЖШС комбайнері Мақсат Жантай, белгілі кәсіпкер Бағлан Әшірбеков және басқалар бар. Сондай-ақ, ауданның дамуы мен ынтымағына лайықты еңбек сіңірген 9 азаматына «Ауданның құрметті азаматы» атағы беріліп, арнайы жасалған төсбелгі тағылды.
Жазба ақындар мүшәйрасында ақын Дүйсенбек Аяшұлы бас жүлдені иемденсе, Толыбай Абылаев пен Талғат Күзенбаевтар онан кейінгі орынға тұрақтады. Ал айтыс ақындарының бәсекесінде шиелілік ақын Иранғайып Күзенбаев бас жүлде 1 млн. теңгені қанжығасына бөктерді. Бірінші орын шымкенттік ақын Нұрлыбек Есенқұловқа, екінші, үшінші орындар астаналық Ринат Зайтов пен оралдық Жансая Мусинаға бұйырды. Олар да қомақты сыйақы алды және өзге де қатысушылар кәдесіз қалмады.
Көрнекті жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың туғанына 110 жыл толуына орай қаламгер қызмет еткен аудандық «Өскен өңір» газетінің редакциясына ескерткіш тақта орнатылды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.