ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕ

ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕ

Кеше облыс әкімдігінде Қазақстан халқы Қызылорда облыстық Ассам­блея­сының XVII сессиясы болып өтті.

Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өткен сессияға облыстық ассамблеясы мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өткен еді. Ел бірлігі жолында татулықты ту еткен Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев Ассамблеяда бірқатар жаңа міндеттер қойды. Елбасы міндеттерін өңірлерде жүзеге асырып, Ассамблеяның XXІ сессиясының қорытындыларынан туындайтын міндеттер туралы аймақ басшысы Қ.Көшербаев баяндама жасады.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Мемлекет басшысы - Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Бүгінде біздің бірлігіміз, ол – жаңа «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің отыздығына ену, ол – біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры» - деп, алдымызға жаңа міндеттер қойды.

Ендігі біздің мақсатымыз – Елбасы қойған міндеттерді негізгі бағдар етіп алып, қоғамда этносаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап, нығайтуға қатысты келелі істерді жүзеге асыру, – деген облыс басшысы, алдағы атқарылар жұмыстар мен татулықты бекемдейтін бірнеше мәселелерге, тыныштық пен ауызбіршіліктің сақталуына бірдей жауапкершілікте болуға тоқталды.

ХХІ ғасырдың ең басты заңы – татулық! Елбасы қалыптастырған осы ұстаным әрдайым Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік саясаттағы басты бағыты болып қала береді.

ДАМУДЫҢ СЫРЫ – БІРЛІКТЕ, ТАБЫСТЫҢ СЫРЫ – ТІРЛІКТЕҚазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасымыз «Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті – біздің осындай бірлікті Ел болмысымыздың кепілі» деген болатын.

Әрбір халық өзінің тарихын, өз халқының рухани құндылықтары мен дәстүрін мақтаныш етеді. Көпэтносты халқымыздың ғасырлардан жалғасқан ортақ игілігі, ұлтты ортақ мақсатқа ұйыстырудың бірегей тетігі ретінде бейбітшілік, руханият пен келісім мәдениеті бір-бірімен ұштасады.

Қазіргі кездегі дүниежүзіндегі түрлі өзгерістер, дамыған елдердегі экономикалық дағдарыстар, кейбір мемлекеттер арасындағы түсініспеушіліктер өз салқынын тигізбей қоймайды. Сондықтан туған еліміздің қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлығымыз бір жұдырықтай жұмыла білуге тиіспіз. «Досы көпті – жау алмайды» деген халқымызда қағидаға бергісіз қанатты сөз бар. Достықты ту еткен ел ғана бірлігін, болашағын сақтап қалары анық.

Тарихтың бірқалыпты ағымы аяқталды. Еліміздің жаңа дәуірі басталды. Ол Елбасы ұстанған басты идея – Мәңгілік ел болу. Осы жолда біз өз бағытымыздан таймай, керісінше, әлем елдеріне бейбітшілік пен татулықтың ізгілікті дәнін себер ұлағатты елге айналуымыз керек.

Ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы деп Елбасымыз айшықтаған Мәңгілік Ел ұғымының тарихы тереңде. Оның мәні мен мағынасы Алаштың әр баласының қаны мен жанына ұя салып, бүгінде еркін самғауға мүмкіндік алды.

Елбасы Н.Назарбаев Ассамблея төңірегінде айтылып жүрген тар ауқымды пікірлерге үлкен тойтарыс беріп, Ассамблеяның XX сессиясында «Ассамблея – бүкілхалықтық өкілдік! Бүгінде Ассамблея, бұл – барлық 17 миллион қазақстандық» деген еді.

Сондықтан, Ассамблея қызметінің көпқырлы аспектілерін тұрғындар арасында, соның ішінде зиялы қауымның салиқалы ой қалыптастыруына тереңірек түсіндіру жұмыстарын жүргізуге баса назар аудару қажет.

Келер жылы Ассамблеяның құрылғанына және референдумда Ата Заңның қабылданғанына 20 жыл толады. Қос мерейтой бір-бірімен өте тығыз байланысты. Өйткені, 1995 жылғы Конституцияны қабылдауға осы Ассамблеяның алғашқы екі сессиясында қолдау көрсетілген еді.

Елбасының 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынуы қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтудағы үлкен бір белес болмақ. Осы мақсатта ел Үкіметі тарапынан Ұлттық іс-шаралар жоспары әзірленуде.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, жоғары және орта оқу орындарының басшыларына жергілікті жерлерде Қоғамдық келісім кеңестерін құру жұмыстарын жеделдетіп, рөлін күшейту қажет.

Сондай-ақ, облысымыздағы ірі компаниялар мен кәсіпорындарда да қоғамдық келісім кеңестерін құрып, этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажет. Осы мақсатта Қазақстан халқының облыстық ассамблеясы хатшылығына, облыстық ішкі саясат және еңбек саласындағы бақылау басқармаларына ірі компаниялар мен кәсіпорындарда ақпараттық-насихаттық шаралар ұйымдастырылатын болады.

Биылғы жылдың 24-25 қыркүйегінде татар халқының ұлттық мерекесі «Сабантой - 2014» республикалық шарасы өткізіледі. Жалпы, «Сабантой» мерекесін бүкіл түркі халқына ортақ егін мерекесі деп атауға болады. Осы шараға Татарстан Президенті Рустам Минниханов арнайы қатысуға ниет білдіріп отыр.

Осыған орай, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығына, татар этномәдени бірлестігі, облыстық мәдениет, ішкі саясат, сыртқы байланыс­тар, спорт және дене тәрбиесі басқармаларымен, Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп «Сабантой - 2014» мерекелік шарасын жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын – деген аймақ басшысы, бұл шараға басқа да облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктері жұмылдырылатынын айтты.

– Сондай-ақ, облыстық экономика және бюд­жеттік жос­парлау, мәдениет, қаржы басқар­ма­лары­на облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығымен бірлесіп Ассамблея қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік ме­кемені құру жұмыстарын 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырамын.

Облыстық құрылыс, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары «Достық үйінің» құрылысын 2014 жылы бас­талуын және келесі 2015 жылы – Ассамблеяның мерейтой жылында пайдалануға берілуін қамтамасыз етулері қажет.

Келер жылы әрбір ауданда кем дегенде бір-бірден этномәдени бірлестік жұмыс жасауы тиіс. Бірлестіктердің жұмысына демеу беру үшін әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыландыруды жолға қою керек.

Барлық облыстық бас­қар­малар этностық топтардың жалпыазаматтық сәйкестілігін қа­лыптастыру бағытындағы жұмысты күшейту бойынша шараларды тұрақты жүргізіп, олармен тығыз байланысты болулары қажет.

Осындай шараларды жүйелі жүргізу арқылы Ассамблеяның қоғамдағы рөлін нығайтып, бейбітшілік пен келісімді жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматының жауаптылығын күшейтуіміз қажет.

Біз – «Мәңгілік еліміздің» Көк туының астында берекелі бірлік пен тату тірлікті қалыптастырған, болашағы жарқын халықпыз.

Елбасы айтқандай, «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте». Сондықтан, әрқашан берекелі бірлігіміз бен тату тірлігімізді сақтап, өзгелердің арамызға сызат салуына жол бермей, «Мәңгілік елімізді» нығайтуға өз үлесімізді қоса берейік дегім келеді, – деген облыс басшысы Тәуелсіздігіміз тұғырлы, «Мәңгілік еліміз» ғұмырлы болсын! – деп ақ тілегін білдірді.

Сөз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары А.Башмаков, Әлем мәдениеті, рухани дүние және келісім жайлы ой-пікірін білдірді. Бүгінгі әлем дамуында орын алып жатқан аса өткір саяси халықаралық проблемаларды, дүниетанымдық, мәдениет пен руханилық мәселелердің дағдарысқа ұшырап отырғанын, одан шығар жол ұлттық идеяның болмауынан деп, Елбасының "Мәңгілік Ел” ұлттық идеясының ғаламдық теңдесі жоқ жоба екенін атап өтті.

Мұнан соң сөз алғандар облыстық ассамблея мүшесі, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Жұмаділдаева, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Аман Абасилов, түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлчин Гейдарова, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігін ұлықтайтын Сыр өңірі халқының тату-тәтті өімірінен сыр шертісті.

Қармақшы ауданы «III Интернационал» ауылының тұрғыны, аудандық білім бөлімінің жетекші маманы А.Ким қазақ қызын алып, өрісі кеңейіп жатқанын, туған жердің топырағын түлетіп жатқанын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, облыстық ассамблея мүшесі, Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Е.Рыбина, мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту, насихаттау және дамыту бағытында өзге ұлт өкілдерінің атқарып жатқан үлестері зор екенін айтып өтті.

Сессия жұмысын қорытындылай келе облыс басшысы Қ.Көшербаев бірнеше басқарма басшыларына Қазақстан халқы ассамблеясының және Қазақстан халқы форумының 20 жылдығына орай бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Шара соңында Ассамблея төрағасының орынбасары, сенатор А.Башмаков облыс әкімі Қ.Көшербаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының марапаты «Бірлік» алтын медалін табыс етіп, Елбасының құттықтау сөзін жеткізді.

 

Нұрбек Дәуренбеков.
АҚПАРАТ 19 маусым 2014 г. 1 826 0