ҰЛТЫНЫҢ ҰЛЫ БОЛҒАН ТҰЛҒА

ҰЛТЫНЫҢ  ҰЛЫ  БОЛҒАН  ТҰЛҒА

Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 120 жыл толады. Қайраткердің өмірбаянында оның 1894 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында туылған деп көрсетіледі. Бұл қарт Қаратаудың теріскей қойнауындағы шағын ауыл, Жаңақорған ауданындағы Бірліктің тұсынан шамамен 70-80 шақырым қашықтықтағы елді мекен. Жалпы қазаққа ортақ ірі тұлғаны Сыр өңірі жұртшылығының жерлес санайтындығы сондықтан.

Сұлтанбек Қожанов – ұстаз, ғалым, публицист. Сонау бір ел басына күн туған қиын кездері, халықтың көпшілігі күндік азыққа зар боп жүрген күндердің өзінде өршіл жас білімге деген құштарлығын жігерлігімен жеңіп, оқу жолында жүрді. Ол әуелі Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаса, 1927 жылы Мәскеуде БК(б)П ОК марксизм-ленинизм курсын бітірген. Ол мол білімін қазақ халқының болашағы жолында жұмсады. Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған "Кеңес” атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаса, 1917 жылы көктемде Ташкентте М.Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге "Бірлік туы” газетін шығарды.

Қожановтың халқына деген сүйіспен­ші­лігі оның ерлік істері мен батыл қа­дамдарымен жалғасып жатты. Қоғам қай­раткерінің тікелей ұсынысымен Кеңес­тердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан "киргиз” деген атты төл атауына – "қазаққа” түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.

Міне, халқы үшін ерен еңбек сіңірген тау тұлғаның 120 жылдығы барлық өңірлер секілді Сыр бойында да жоғары деңгейде атап өтіледі деп күтілуде. Оның бастамалары жер-жерлерде бас­талып, дайындық жұмыстары қолға алына бастады. Жуырда Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы №55 қазақ орта мектебінде аталмыш датаға сай шара өткізілді. Оны осындағы орта мектепті 1974 жылы бітірген түлектер ұйымдастырып, оған ауыл тұрғындары, сырттан келген қонақтар және мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Осыдан қырық жыл бұрын аталмыш ауыл мектебін бітірген мектеп бітірушілер арасында бұл күндері елімізге танымал азаматтар көптеп саналады. Атап айтар болсақ, үкіметтік басылымдар редакциясының бас редакторы, жазушы-драматург Жолтай Әлмаш, Қазақстанға еңбегі сіңген сәулетші Файзулла Ягмусов, Астана қаласындағы «Өнер академиясы» директорының орынбасары Тұрсынхан Ақылбеков, «Қазақстан теміржолының» бөлім бастығы Рақым Құтыбаев, ағарту саласында еңбегі сіңген ұстаздар Шарапат Жүсіпбекова мен Әйгерім Темірбекова және басқалар бар.

Түлектер атынан сөз алған Жолтай Әлмаш тарихи тұлғаның үлгілі өмір жолымен қатар әлі де жұртшылыққа жария етілмеген қалтарыс тұстарын да әңгіме өзегіне айналдырды. Сондай-ақ, құрдастары атынан қайраткердің үлкен портретін және өзінің екі томдық шығармалар жинағын мектеп ұжымына сыйға тартты. Ол өзінің Сұлтанбек Қожанов туралы «Сталинмен әзілдескен қазақ» атты спектакль жазып бітіргендігін де осы кездесу барысында жария етті. Аталмыш жиынды ұйымдастырушылардың басында мектеп түлегі Әділхан Нәлібаев сынды азаматпен бірге өзге де ауыл азаматтары жүргендігін де атап айтқан жөн болар деп отырмыз.

Мектеп директоры Айнұр Мырзалиева қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы қарсаңында оның атындағы орта мектепте түрлі шаралардың жыл басынан өткізіліп келе жатқандығын тілге тиек етті. Мәселен, арнайы ұлы тұлғаға арналып, стенд жасалынса, «Аққан жұлдыз» атты танымдық кештің мектеп оқушыларына берген тәлімі мол болды.

Аталмыш жиын соңында қоғам қайраткеріне және осы шараны өткізушілердің мезгілсіз өмірден өткендеріне арналып ас беріліп, бата оқылды.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы,

Бірлік ауылы.


АҚПАРАТ 19 маусым 2014 г. 1 923 0