Мемлекеттік қызметке іріктеудің тиімді жүйесін қалыптастыру

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп жатқан саясатының негізгі басымдықтарының бірі ол елімізде іске асырылып отырған мемлекеттік қызмет реформасы болып табылады. Бұл саладағы Қазақстанның жетістіктерін ТМД елдерінің барлығы мойындап, жүргізіліп жатқан реформаға шетелдік сараптамашылар да жоғары баға беріп отыр.  
ТМД елдерінің ішінде егеменді еліміз алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңдылықты қабылдап, мемлекеттік қызметке орналасу конкурстық іріктеу арқылы жүзеге асыруды көздейтін, ашықтық және жариялық принциптеріне негізделген мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастырды. 
Біздің еліміздің аталған мәселедегі ілгерілеушілікке қарамастан, қол жеткен табыстармен шектеліп отырған жоқ. Одан әрі тиімді мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыруға қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік қызмет заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.  
Атап айтқанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға конкурстың талаптары мен шарттары өзгерді. Конкурс екі кезеңнен тұратын болды. Бірінші кезеңде «Б» корпусына үміткерлер Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне немесе оның аумақтық департаменттеріне өтініш білдіріп, тестілеуге қатысады. Яғни, азаматтар мемлекеттік қызметке тест тапсыру үшін бұрынғыдай конкурс жариялануын күтпейді. Тестілеудің оң қорытындысын алған азаматтарға сертификат беріліп, оларға конкурстарға қатысуға құқық беріледі. 
Екінші кезеңде мемлекеттік орган бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурс өткізеді. Конкурсқа тестілеудің оң қорытындысы туралы сертификаты бар азаматтар қатысады. Осы арқылы, мемлекеттік органдардың конкурстық рәсімдерді өткізу уақыты 50-60 күннен 15-20 күнге дейін қысқарды.  
Тест тапсыру үшін үміткерлер Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігіне немесе оның аумақтық департаменттеріне келесі құжаттарды тапсырады:  
1) белгіленген нысандағы өтініш;
2) білімі туралы құжаттардың (диплом) көшірмелері (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариатта куәландырылған);
3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқаларын ұсынбаған жағдайда нотариатта куәландырылған);
4) ЖСН бар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
Егер азамат еңбек қызметін атқармаған болса немесе оның өтінішінде көрсетілген лауазым санаты бойынша жұмыс өтілі талап етілмесе еңбек кітапшасын ұсыну талап етілмейді. 
Қарауға тест тапсыруға үміткерлер немесе олардың өкілдері (сенімхат бойынша) қолма-қол немесе пошта бойынша толық көлемде ұсынған құжаттары қабылданады. 
Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен облыс тұрғындарына жеңілдік ретінде олардың тікелей келмей-ақ, құжаттарды электронды форматта жолдау арқылы тестілеу күнін белгілеу мүмкіндігін қалыптастырды. 
Ол үшін «Б» корпусына үміткерлер тестілеуден өтуді қалаған күнін көрсеткен өтініштің және жоғарыда көрсетілген құжаттардың сканерленген нұсқасын dgs-test@maіl.ru электронды мекен-жайына жолдап, тестілеуге бір сағат қалғанда аталған құжаттарды қолма-қол ұсыну қажет.  
Өтініштің электронды нысанын уәкілетті органның kyzmet.gov.kz ресми сайтының «мемлекеттік қызметке түсушілерге» «қажетті құжаттар» «толтыру үшін құжат үлгілері» сілтемесінен алуға болады.  
Берікбол БАЙҚОЖАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.


АҚПАРАТ 26 қазан 2013 г. 1 952 0