ТӨРТ ТYЛІКТІ ТYЛЕТУ ЖАЙЫ

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен селекторлық режимдегі мәжіліс өткізілді. Онда облыстың мал шаруашылығын дамыту мәселелері сарапқа салынды.
Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев қазақтың ата кәсібі мал мен егін екенін атап өтті. Соның ішінде қазақты төрт түліксіз елестету мүмкін емес. Анығын айтқанда, соңғы уақыттары облыстың ауыл шаруашылығын дамытуда аз істер атқарылып жатқан жоқ. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамытумен қатар күріш және балық консорциумдары құрылып, қазір олар осы салаларды кешенді түрде дамытуға кірісіп кетті.
Мәжілісте хабарлама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев соңғы жылдары мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуда көптеген қолдаудың көрсетіліп жатқанын атап өтті. Соның бір көрінісі, өткен жылы облыстың шаруашылықтары республикалық бюджет есебінен өзге өңірлерден ет бағытындағы жүздеген бас асыл тұқымды бұқа, алты мыңнан астам қой мен асыл тұқымды жылқы және түйе сатып алды. Соның нәтижесі болса керек, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара малының басы екі пайызға артып, 251 мың басты құрады. Ал жылқы 8,6 пайызға өскен. Дегенмен де, қой мен ешкі, түйе, құс саны азайған.
Сонымен қатар, Т.Дүйсебаев облыс аумағының үлкендігіне қарамастан, біздегі мал басы әлі де аз, нақты мәліметтер толыққанды берілмейді. Осы орайда облыс әкімі басқарма басшысына алдағы жылдан бастап мал басының нақты мәліметі болуын қатаң тапсырды.
Хабарламашы сондай-ақ облыста «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асырылуы жайында да айтып өтті. Бұл бағдарламаға облыста көптеген шаруа қожалықтары қызығушылық танытқан. Соның басты бір көрінісі бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы 800 млн. теңгеден астам жеңілдетілген несие бөлінген. Бұл қаржыға облыста бес мыңға жуық ірі қара мен екі жүз елуге жуық ет бағытындағы асыл тұқымды бұқалар сатып алынған.
Сондай-ақ, бүгінде облыста мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру бағытында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның ішінде мал бордақылау алаңдары Қызылорда қаласы мен Қазалы аудандарында салынуда. 
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі мал шаруашылығын дамыту ісі аймақтың экономикалық өсуінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті. Сондықтан да облыста бұл саланы дамытуға бізде мүмкіндік көп. Тек соны дұрыс пайдалана білуіміз қажет. Осы орайда облыс әкімі басқарма басшысына мал шаруашылығын дамытуға байланысты жол картасын дайындауды тапсырды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
АҚПАРАТ 24 қазан 2013 г. 1 083 0