ҚАМҚОРЛЫҚТАН ҚАҒАЖУ ҚАЛМАДЫ

Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 7 мамыр күні жол апатынан қайтыс болған жандардың туыстарын және жапа шеккендерді қабылдады.

 

Осы жылдың 7 мамыр күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Тартоғай елді мекені тұсында көлік апаты болып, 11 адам қайтыс болған еді.

Бюджеттен тыс көздерден қайтыс болған 11 адамның отбасына 1 миллион теңгеден, ал жарақат алғандарға 500 мың теңгеден қаржылай көмек берілді.

– Әрине, қайғының орнын толтыру мүмкін емес. Бірақ қолдан келген көмекті жасаймыз. Сіздер де түсіністікпен қарап, сабырлы болыңыздар. Мұндай жағдай қайталанбас үшін абай болайық, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Жиында облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Нұрлан Анарбаев жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлық іс бойынша бірнеше сараптамалар тағайындалғандығын айтты. Осы сараптама нәтижесі әділ, объективті жүретінін жеткізді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының міндетін атқарушы Сәкен Серғазиев ауруханада ем алып жатқан науқастардың жағдайы бірқалыпты екендігін, оларға қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетіліп жатқандығын баяндады.

Аймақ басшысы жапа шеккендердің отбасына қаржылай көмектен бөлек, қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жеткізді. Мәселен, ата-анасынан айырылған мектеп бітіруші түлекке облыс әкімінің оқу гранты берілетін болды.

 

Е.ТОҚТАҒҰЛ.
АҚПАРАТ 10 маусым 2014 г. 731 0