КӨП КӨМЕГІ – КӨЛ

Сенбі күні Жаңақорған кентінде облыс әкімі Қ.Кө­шербаевтың төрағалығымен көшпелі жиын өтті. Басқосуда табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан шығынға ұшыраған уақ малдардың шығынын өтеу жолдары қарастырылды.

Үстіміздегі жылдың 29 мамырынан 30 мамырына қараған түнітолассыз жауған нөсер салдарынан Жаңақорған ауда­нында 3802, Шиелі ауданында 1952 бас, жалпы саны 5754 уақ мал шығын болған. Аудан әкімдері зиян шеккен шаруаларға биылғы төлдерден алып беріп, шығын орнын толтыруға көмектессек деген ұсыныстарын жеткізді.

– Бұл табиғи шығын. Сондықтан түсіністікпен қараған жөн. Қаржы институттары осындай кезде қолдау көрсетулері керек. Бізде қандай мүмкіндік бар? Мәселен, қазір «Алтын асық» бағдарламасы қолға алынуда. Ол бойынша жеңілдетілген несиемен уақ мал алуға болады. Осы бағдарламаның игі­лі­гін бірінші кезекте жапа шеккен осы екі ауданның ша­руашылықтарына көрсету жолдарын қарастырыңыздар. Осы секілді тағы ұсыныстарыңыз болса, бір аптаның ішін­де баян­даңыздар. Мүмкіндігінше, шығынға ұшыраған шаруа­шылықтарға бірлесе көмек көрсетейік, – деді облыс басшысы.

Мамандар уақ малдың қырылуын алдын ала қойылған диагноз бойынша ауа температурасының күрт төмендеуінен және толассыз жауған жаңбырдың салдары дейді. Көшпелі жиында осы шығынның өтелу жолдары қарастырылды. Облыс әкімі шаруашылықтар мен қаржы институттарының ұсыныстарын жинақтауды ауылшаруашылық басқармасына жүктеп, тиісті шешім аптадан кейін шығарылатынын жеткізді.
АҚПАРАТ 10 маусым 2014 г. 1 080 0