ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ ЖәНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА

Күн санап қаламыздың көркі артып, келбеті сұлуланып келеді. Көшелерде отырғызылған алқызыл гүл шоқтары мен жасыл түске малынған жер беті көрген жанның көз жауын алып, табиғаттың әсем көркін еселей түсуде. Айналамыздың көркеюі мен тазалығы біз үшін үлкен мәртебе. Қала тазалығына бір кісідей атсалысу тұрғындардың басты міндеті саналады.

Сонау 1972 жылы Швецияның Стокгольм қаласында "Дүиежүзілік қоршаған ортаны қорғау” туралы конвенция қабылданған. Содан бастап маусымның 5-ші жұлдызы "Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау” күні болып аталып өтуде. Осы күні Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және басқармаға қарасты облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен "Таза күн және таза ауа” акциясы ұйымдастырылды.Оған облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және "Жасыл ел” еңбек жасағы белсене атсалысты. Аталмыш шара жастар арасындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың табиғатты аялауына және қала тазалығын сақтауда тәрбиелік маңызы зор.

– Акцияның ауқымы облыс көлемін қамтиды.Оны ұйымдастырудағы мақсатымыз қала тұрғындарына қоршаған ортаны қорғауды, аялауды, сақтап қалуды насихаттау. Қала – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан, қаланың тазалығына да бей жай қарамағанымыз дұрыс. Қаланың шет аймақтарын тазалау барысында көптеген жайттарға куә болдық.Қаланың шет бөлігінде орналасқан "Эдельвейс” саяжайын атап кетейін. Бұл жердің тұрғындары қоқысты жол жиегіне тастай бергеннен қазір мұнда тіпті адам аяғын басу мүмкіншілігі жоқ. Қала тазалығына қосқан ең үлкен үлес,қоқысты көрінген жерге тастамаса екен, – дейді, ашынған кейіпте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау шараларын іске асыру бөлімінің басшысы Светлана Қожаметова. Басшы өз кезегінде қоқыстарды тасымалдау үшін "Ыбырайхан и к ЛТД” ЖШС-ның жұмыс жасап отырғанын да тұрғындар назарына ұсынды.

Халық даналығы «адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың бұны айтуға тілі жоқ» деп бекер айтпаса керек. Тазалық – денсаулық кепілі. Таза ауада тыныстап, көркем табиғатта демалғыңыз келсе, тазалықты өз аулаңыздан бастағаныңыз дұрыс.

 

Назерке БАЙДIЛДАЕВА.
АҚПАРАТ 07 маусым 2014 г. 2 477 0