ҚАРЖЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ

ҚАРЖЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасы қаржы полициясы органдарының құрылғанына 20 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті.

Сахна төріне тәуелсіз еліміздің мемлекеттік туы әкелінген соң әнұран орындалды. Мерекелік шарада алғашқы сөз аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевқа берілді.

– Бүгінгі күні қаржы полициясы болып отырған маңызды сала – тәуелсіз еліміздің өркендеу жолындағы іргелі өзгерістердің бір бөлшегі, – деді Қырымбек Елеуұлы. – Мемлекет мүлкін талан-таражға салмау, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар атқарып жатқаны белгілі. Соңғы 5 жылдың өзінде ғана қаржы полициясы органдары бюджетке 430 млрд. теңгеден астам қаражат өндіріпті. Осынау ортақ абыройда қызылордалық қаржы полицейлерінің үлесі қомақты деп есептеймін. Бұл ретте осы саланың қалыптасып, дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген ардагерлерге айтар алғысым шексіз.

ҚАРЖЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫСыбайлас жемқорлық пен "көлеңкелі экономикаға” қарсы тұру, ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу, экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға тосқауыл қою бағытындағы күрделі істерді мінсіз атқарып келе жатқан облыстық қаржы полициясы қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтаған Қырымбек Елеуұлы саланың бір топ үздіктерін облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық қаржы полициясы департаментінің бастығы Мақсат Қожабаевқа үш "Шевролет” автокөлігінің кілтін тапсырды.

Бұдан соң облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат Қожабаев өзі басқарып отырған құрылымның мерейтойға қосқан үлесін тілге тиек ете келіп, бір топ сала қызметкерлеріне "Қазақстан қаржы полициясына-20 жыл” медалін табыс етті.

Мерейтой иелерін облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов құттықтады.

Мерейтой салтанаты мерекелік концертке ұласып, танымал эстрада жұлдызы Еркін Нұржан, "Кеsh yоu” тобы, жергілікті жыршы Майра Сәрсенбаева, "Нұргүл” халық ән-би ан­самблінің бишілері өнерлерін көрсетті. Мерекелік шара соңында "Гранд Плаза” мей­рамханасында қонақтар құрметіне дас­тарқан жайылды.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
АҚПАРАТ 07 маусым 2014 г. 1 026 0