ЕЛІ ҚАДІРЛЕГЕН ЕРЕН ҚАЙРАТКЕР

ЕЛІ ҚАДІРЛЕГЕН ЕРЕН ҚАЙРАТКЕР

Мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 90 жылдығына арналған еске алу шаралары кеше Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында танымдық конференциямен басталды.

Конференцияны ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шараның маңызына тоқталып, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің азаматтық болмысы мен ел басқарушылық шеберлігі жөнінде әңгімеледі.

ЕЛІ ҚАДІРЛЕГЕН ЕРЕН ҚАЙРАТКЕР– Құрметті зиялы қауым! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевұрпақтар сабақтастығы, кейінгі толқынның аға буынға деген құрметі турасында жиі айтады. Бүгінгі шарада өткенімізді саралап, болашағымызды бағамдап, "үлкенге құрмет, кішіге ізет” деген бабалар жолын ұрпақтар сабақтастығына айналдырып отырмыз деуге болады.Бүгінгі танымдық конференция облысымыз ғана емес, республика көлемінде айшықты қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. Қазақ елінің тағдырлы тарихында замана жүгін арқалаған азаматтар аз болмаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Біз алдыңғы ұрпақтың абыройлы істерін жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жадында жүретін жол саламыз” деген ұлағатты сөзі бар. Міне, тоқсан жылдығын атап өткелі отырған мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов сондай айрықша болмыс иесі,– дей келе, оның ел басқарушылық шеберлігі, қоғамдағы қайраткерлігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Онан соң облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мерейтой ие­сінің туған-туыстары және ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары қатысқан конференция барысында И.Әбдікәрімовтің өмір жолы жайында деректі фильм көрсетілді, қоғам қайраткері жайында естеліктер айтылды.

ЕЛІ ҚАДІРЛЕГЕН ЕРЕН ҚАЙРАТКЕРАтап айтқанда, мәртебелі мейман заң ғылымдарының докторы, академик Сұлтан Сартаев оның адамгершілік биік болмысы, жастарға үлгі-өнегесі жайында кеңінен әңгімеледі.

– Еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі Исатай Әбдікәрімовтің есімі біздің тәуелсіз еліміздің тарихында ерекше құрметпен аталатыны белгілі. Исекең өзінің адамгершілік парызын ел алдында ақтауға бағыттаған ұлы тұлға. Ол кісінің адами биік болмысы, ел басқарушылық ерекше қабілеті бүгінгі жастарға үлгі-өнеге, жәдігер. Исекеңнің біздің үйге бір келгенінде айтқан мына сөзі менің әлі есімде. Ол кісі "Мен үшін жаман адам жоқ. Біреудің жақсылығын байқап жатамыз, біреуді байқамай жатамыз. Сондықтан мен үшін адамның бәрі бірдей” деген еді. Міне, бұл айтылғаннан біз нашар деген адамның өзін Исекеңнің тәрбиелеуге ұмтылатынын байқаймыз, –деп әдемі естелігімен бөлісті және жастарды осындай дара тұлғаларымызды құрметтеп, оларды әрдайым есте сақтауға шақырды.

Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, И.Әбдікәрімовтің үзең­гілес шәкірті, мемлекет және қоғам қайраткері Оңалбек Сәпиев Исатай Әбдікәрімовтің қоғамдағы азаматтық келбетін ашып, тектілігіне, еңбектегі ерліктеріне тоқталса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Уәлихан Бишімбаев Сыр елінің мәдениеті мен руханиятының, білім-ғылымының дамуына қосқан айрықша үлесін атап өтті.

– Исекеңнің игілікті ісі об­лыс­тық партия комитетін басқарған жылдармен тығыз байланыс­ты. Сол жылдары облыста ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы мамандарын, құрылысшыларды, инженерлерді даярлайтын Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының филиалы ашылды. Оларды ашу оңайға түскен жоқ. Түрлі кедергілер, қиындықтар болды. Бірақ, сол қиындықтарды жеңуге көмектескен бірден-бір адам ол осы Исатай аға еді. Исекеңнің қолдауымен ашылған оқу орнынан қаншама жас мамандық алып шығып, олар Сыр өңірінің дамуы жолында еңбек етті, – деп ерекше ықыласпен еске алды.

ЕЛІ ҚАДІРЛЕГЕН ЕРЕН ҚАЙРАТКЕРӨз кезегінде сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да мерейтой иесінің көшбасшылық, ел басқарушылық қыры жайында тұшымды баяндады.

Конференцияны қорытын­дылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ел экономикасының қалыптасуына, халықтың мәдени-рухани өміріне өлшеусіз еңбек сіңіріп, артында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің қандай құрмет-қошеметке де лайық екенін атап өтіп, ардақты азаматтың өнегелі істерін ұрпақ жадында жаңғырту, санасына сіңіру бағытындағы жұмыстардың онан әрі жалғасатынын жеткізді.

Мерейтойлық шаралар бүгін Жаңақорған ауданында жалғасады.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.
АҚПАРАТ 07 маусым 2014 г. 1 374 0