ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ

Сенбі күні облыс әкімдігінде ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Қ.Көшербаев, комитет мүшелері, Мәжіліс және мәслихат депутаттары, облыс активтері қатысты.

Шарада жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері сөз болды.

Көшпелі отырысты ашқан ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті төрағасы С.Әйімбетов ауылдық жерлерде жергілікті өзін-өзі басқару жұмысында үлкен нәтиже барын және экономиканың тұрақты даму үрдісі сақталып отырғандығын атап өтті.

Сөз алған аймақ басшысы Қ.Көшер­баев өзін-өзі басқару бағытында ат­қарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталды.

– Мұнайлы аймақтың мұңы аз болуы керек. Бастысы, салық базасын кеңейту бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Өндіріс орындарының уақыт өткен сайын қатары көбеюде. Өткен жылы ауыл әкімдерін оқыту курстарынан өткіздік. Бірақ бұның өзі аздық етеді. Кадр мәселесінде қиындық көп. Ауылдық жерлерге әкімдікке бірнеше үміткер болуы қажет. Біздің басты міндетіміз билікті халыққа барынша жақындату, - деп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін, алдағы жоспарлары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып өтті.

Мұнан кейін, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру бағыты бойынша, комитет мүшесі, депутат А.Соловьева баяндама жасаса, мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселесі бойынша, ҚР заңының басты ережелері туралы комитет мүшесі С.Қанаев мәлімдеді. Сондай-ақ, осы заңның іске асырылу барысын ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің жауапты хатшысы Д.Шаженова толығынан баяндап берді.

Елімізде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары С.Жұманғарин шолу жасады. Ал, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік қызметтің дамуы жайында Ұлттық кәсіпкерлік палатасы президиумының мүшесі, әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Т.Доскенов маңыздылығын түсіндіре өтті.

Жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді үлгілерін дамыту және мәслихат пен әкімдердің рөлін арттыру мәселелері күн тәртібінен түспек емес. Бұл жайында облыстық мәслихат депутаты, бюджет және қаржы мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Қ.Әжібеков, облыстық Селолық тұтыну ко­оперативтері қауымдастығының төрағасы С.Далдабаев, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті әкімі С.Аманов баяндама жасады.

Халық қалаулылары көшпелі жиынды өткізу үшін Қызылорда облысы бекер таңдалмағанын тілге тиек етті.

– Өзге облыстарда қаланың өздерінде басқару жүйесі бір жолға қойылмаған. Ал Сыр елінің ауылдық жерлерiнде бұл мәселе шешімін тапқан. Енді оны жандандыра түсу керек. Кеше бірнеше ауылда болдық. Барлығында өсу, өркендеу бар. Тіпті инновациялық жобалар жүзеге асып жатыр, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы С.Әйімбетов.

Тақырыпты кең ауқымда қамтыған жасалған жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс депуттаттары, министрлік өкілдері көшпелі отырыстың нәтижесінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту үшін қолайлы құқықтық және экономикалық жағдай жасау керектігіне баса назар аударды. Ол үшін комитеттің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес қоғамдастықтың бұдан да тығыз және сындарлы жұмысы болатынын атап өтті.

Жиын барысында көтерілген мә­се­лелерді депутаттар алдағы уа­қыт­­та бақылауда ұстап, шешілуіне ат­салысатындықтары жеткізді.

Нұрбек Дәуренбеков.
АҚПАРАТ 03 маусым 2014 г. 1 073 0