ҚАЛАНЫҢ БОЛАШАҚ ДАМУЫНА ЖҮЙЕЛІ ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫ ҚАЖЕТ

Сейсенбіде облыс әкімшілігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төраға­лығымен Қызылорда қаласының перспективалық дамуына қатысты мәжіліс болып өтті.

Басқосуды ашқан аймақ жетекшісі облыс орталығын дамыту бағытында өткен жылы көптеген жобалардың қолға алынып, жүзеге асырылғанын, биылдың өзінде бірнеше ірі жобалар іске асырыла бастағанына тоқталды. Туған шаһарымыздың заманауи талаптарға сай дамуын ұдайы өзінің назарында ұстап отырғанын, инфрақұрылым бар жерде ғана дамуға негіз барын атап өткен облыс әкімі «Қорқыт ата әуежайының» терминалы мен Ғ.Мұратбаев көшесі басынан Сырдария өзеніне салынатын көпір құрылысы жуық арада басталатынын жеткізді. Мұнан соң шаһар басшысы Н.Нәлібаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы хабарлама жасады. Оның айтуынша, өнеркәсіп кәсіпорындары алғашқы 4 айда 385 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Айта кетейік, облыс бойынша өндірілетін өнімнің 94 пайызы, салынған құрылыс нысандарының үштен екісі Қызылорда қаласының үлесінде. Бүгінде қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайып, 36 млрд. теңгеден асқан. Негізгі капиталға салынған қаржы көлемі артып, 43 млрд. теңгені құрапты. Бұл облысқа салынған инвестицияның 76,4 пайызы. Соңғы кездері қалада салынған тұрғын үйлер көлемі де өсуде. Биыл 5 млрд. 267 млн. теңгеге 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 22-сі ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Яғни, жыл соңына дейін 750 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, әсіресе ел өндірісіне қан жүгірткен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы да біздің қаламызда игілік бастауына айналып жатқанын жеткізген шаһар мэрі Индустрияландыру картасы бойынша 8 инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде шыны зауыты мен ферроқорытпа зауыты салынатынын айрықша атап өтті.

Қызылорда қаласын дамытуға қатысты хабарламаны мұқият тыңдаған облыс басшысы Қ.Көшербаев қаламыздың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне көңілі толатынын білдіріп, қала әкіміне бірқатар нақты сауалдар қойды, өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Енді сол сан тапсырманы саралайық. Мысалы, қаланың ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру ісіндегі үлесі өте аз. Сондықтан шаһар іргесіндегі бірқатар елді мекендерде азық-түлік белдеуін ұйымдастыруға ұсыныс етілді. Сонымен қатар қала басшысы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуына жұмыс жасау қажет. Бұған қоса, кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлеуді тапсырған аймақ басшысы қаланың архитектуралық келбеті сын көтермейтінін, ПИК-тер жұмысы қанағаттанарлықсыз екендігін де еске салды. Келесі түйткілді мәселе – коммуналдық қарыздар. Осы тұста Павлодар, Жамбыл қалаларының тәжірибесі зерттеліп, қаперге алу жүкелді.

– Аулаларды жарықтандыру мен ғимаратарды сәулеттік-көркемдік жарық­тандыру міндеті болуы керек. Ол үшін ең алдымен оның концепциясын анықтап, бекіту қажет. Сонымен бірге әрбір қала тұрғыны туған шаһарының дамуына өз үлесін қосуға міндетті, – деп сөзін сабақтаған Қ.Көшербаев жуық арада Қызылорда қаласының Сырдарияның сол жағалауында заманауи әрі шығыстық үлгі бойынша дамитынын жеткізіп, жоба жасаған кезде қазіргі таңда туындап отырған ескі қаланың инфраструктурадағы қиыншылықтарын саралап, ескеру қажеттігін айтты.

Алдымен базарлардағы бейберекетсіздікті жою, жүргіншілер жолын салу, салынған автожолдардың тез арада істен шығуына себепкер болып отырған ауыр салмақтағы жүк көліктерін тезге шақыру, оларға тиісті орындармен бірлесіп бақылау орнатып, ауқымды айыппұлдар салу, қыс маусымына дайындық, аяқ су проблемасын шешудің жолын табу, орталықта бос жатқан жер телімдерінің иелерін анықтап, оларды мақсатқа сай пайдаланбаса, халықтың демалыс орнына айналдыру секілді маңызды істер қала басшылығын әлі қыруар жұмыс күтіп тұрғанын білдірер еді.

– Әрине, бұлар бір күнде, бір мезетте шешілетін мәселе емес. Бірақ біз осыны жасауға тиістіміз және бұған алдағы маңызды міндеттеріміздің бірі ретінде қарауымыз керек. Өйткені, қала – біздің өз үйіміз, туған қаламыз. Сондықтан оны абаттандыру, көркейту үшін қандай жұмыстар атқаратынымызды белгілеп алу үшін арнайы бағдарламалар жасалуы қажет деп есептеймін, - деген аймақ басшысы қала әкімдігіне жоғарыда айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар негізінде іс-қимыл жоспарын он күн мерзімде бекітуді тапсырды. Сөзін қорыта келе, облыс басшысы бұның тек қала әкімінің міндеті ғана емес, бар­лық мемлекеттік органдар мен коммуналдық шаруашылық қызметтерінің міндеті екенін тағы бір еске салды.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
АҚПАРАТ 29 мамыр 2014 г. 726 0