ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ТАРАЗЫСЫ

Өткен жұма күні облыстық баспасөз орталығында болған баспасөз мәслихатында биылғы тоғыз айдағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары әңгіме өзегіне айналды. Бұл турасында облыстық статистика департаментінің басшысы Бақыт Сапар кеңінен баяндап берді.
Ең алдымен жалпы өңірлік өнім нәтижесіне тоқталған Бақыт Иниятұлы алғашқы жартыжылдықтағы өнім көлемі 592,1 млрд. теңгені құрағанын айтып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға өскендігін жеткізді. Өндіріс өнімінің өңірдегі үлесі 48,7 пайызға тең десек, оның 44,3 пайызы кен өндірісіне тиесілі екен. Жалпы өңірлік өнім жан басына шаққанда 810,7 мың теңгені құрап, осы көрсеткіш бойынша облыс республикада тоғызыншы орынға тұрақтапты.
Өткен тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бағалау есебімен 220,3 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда сексен пайызға артқан. Бұл жерде инвестициялардың басым көздері шаруашылық субъектілерінің меншікті қаражаттары болып, 144,3 млрд. теңгені құраған. Пайдалану бағыттары бойынша едәуір үлес көлік және қоймалауға тиесілі болса, инвестиция тартудың көп мөлшері Қызылорда қаласының үлесінде қалып отыр.
Облыстағы қарқынды салалардың бірі саналатын құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі бағалау есебімен 94,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл былтырғыдан елу бес пайызға артық. Қаңтар-қыркүйек аралығында 1266 жаңа ғимарат салынса, оның 1229-ы тұрғын үй де, қалғандары тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар. Жыл басынан бері сегіз мектеп пен үш мектепке дейінгі мекеме және бес амбулатория іске қосылған. Осы аралықта пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 160,4 мың шаршы метрге тең болса, оның 150,8 мың шаршы метрі жеке тұрғындарға тиесілі екен. Тұрғын үйлердің нақты көлем индексі былтырғы жылмен салыстырғанда 115,5 пайызды құраса, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңының 47,2 пайызы Қызылорда қаласының еншісінде қалып отыр.
Тоғыз айдағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі былтырдан 3,4 пайыз жоғары болып, 33,8 млрд. теңгеге тең болса,2013 жылдың бірінші қазанында шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара саны 251 мың басқа жетіп, жылқы 78,9 мың басты құраған.
Статистикалық тіркелім деректері бойынша шағын бизнеспен айналысатын бес мыңға жуық кәсіпорын тіркеліп, олардың үш мың екі жүзі жұмыс істеп тұрған кәсіпорын саналған. Яғни, экономикалық қызметпен айналысқан бұлардың екі мың жүз сексен төрті белсенді кәсіпорын деп танылған. Оның бестен төрті облыс орталығының еншісінде. Есепті кезеңде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 173 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, олардағы жұмыспен қамтылғандар саны 71363 адамға жеткен.
Жұмыспен қамту дегеннен шығады, үстіміздегі жылғы екінші тоқсандағы жұмыспен қамтылған халық саны 333 мың 600 адам болса, жалдамалы қызметкерлер 223 мың 800, ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 109 мың 800 адамға тең. Осы екінші тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі республикада 5,3, біздің облыста 5,2 пайызды құрайды.
Енді баға бағамына көз жүгіртсек, тұтыну тауарлары мен қызмет түрлерінің жоғарылағаны байқалады. Сөзіміз жалаң болмас үшін тізбелеп көрейік. Айталық, азық-түлік тауарларының бағасы 1,9 пайыз, ақылы қызметтер – 4, азық-түлік емес тауарлар – 1,6, сонымен қатар көлік қызметі – 1,9, ал телефон үшін абоненттік төлем бағасы 20 пайызға бір-ақ секірген.
Мұндай өсім ішкі саудаға да тән. Мәселен, қаңтар-қыркүйек аралығындағы бөлшек сауда көлемі 92 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда (тұрақты бағаларда) 14,7 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш республика бойынша 12,7 пайызға тең.
Қаңтар-қыркүйек аралығында коммерциялық тасымалдаумен айналысатын көліктік емес ұйымдар мен кәсіпкерлер тасымалдаған жүкті қоса есептегенде облыстың жүк тасымалдау көрсеткіші 69,7 млн. тоннаға жеткен. Бұл былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда бес пайызға жоғары.
Облыстың байланыс кәсіпорындары өткен тоғыз айда үш жарым млрд. теңгенің қызметін көрсетсе, халыққа көрсетілген байланыс қызметтерін өткізуден түскен табыстар 2,3 млрд. теңгені құраған. ADSL, ІSPN, ІPTV секілді жаңа технологиялар енгізу арқасында кейінгі кездері Интернет қызметін қолдаушылар саны артқан. Қазіргі таңда интернет абоненттері 36,5 мыңға жетсе, олардың жартысына жуығы ауылдық жерлердің тұрғындары көрінеді.
2013 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста 8032 заңды тұлға тіркеліп, бұлардың жұмыс істеп тұрғаны 5689-ға тең. Мұның ішінде бес мың отыз тоғызы шағын кәсіпорындар. Ең көп тіркелген заңды тұлғалар көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автомобиль және мотоқұралдар жөндеумен айналысады. Бұдан басқа құрылыс және білім беру саласын қоса есептегенде осы үш қызмет түрлерінің жиынтық үлесі барлық тіркелген заңды тұлғалардың жартысына жуығын құрайды.
Демографиялық ахуалға тоқталсақ, 2013 жылдың 1 қыркүйегіне қызылордалықтардың жалпы саны 736,2 мың адамды құрайды. Осы аралықта 13213 сәби өмірге келсе, 2972 адам бақилыққа аттанған. Әрбір мың тұрғынға шаққанда туғандар көрсеткіші 27,0 болып, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Жамбыл облыстарынан кейін жайғасса, бір жасқа дейінгі балалар өлімі мың тұрғынға 13,1-ді құрап, республикада он төртінші орынға тұрақтапты. Ал мың адамға шаққанда табиғи өсім 20,9 болып, облыстар арасында үшінші орынға орналасқан. Өткен кезеңде 4644 неке және некені бұзу арнайы тіркелген. Бұл көрсеткішке қарап облыс бойынша төрт некенің біреуі бұзылатындығына көз жеткізсек, Байқоңыр қаласында әрбір екі некенің біреуі бұзылатын боп шықты.
Облыста орташа өмір сүру ұзақтығы 2012 жылы 69 жасты құраса, ерлер – 65, ал әйелдер 74 жылға тең.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.
АҚПАРАТ 22 қазан 2013 г. 1 123 0