ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫН ТӨМЕНДЕТУ ЖОЛЫНДА

"Сыр медиа” ЖШС жанындағы облыстық коммуника­циялар орталығында өткізілген баспасөз мәслихатында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әлжан Әбдіғазиз жалақы қарызын азайту барысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.

 

Әлжан Асқарұлының айтуынша, еңбек инспекциясы өткен жылы әртүрлі меншіктегі 569 мекеме мен кәсіпорындарды тексерген. Осы тексеру нәтижесімен 1040 заң бұзушылық фактілері анықталған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында да 106 мекеме мен кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, ол бойынша 117 заң бұзушылық анықталды. Жалпы осы тексерулер нәтижесінде өткен жылы 10 миллионнан астам айыппұл салынса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында оның көлемі 2 млн. теңгеден асып отыр. Соның ішінде жұмысшыларға берешек 907,3 млн. жалақы қарызы анықталып, оның 858 млн. теңгесі өндірілді. Дегенмен де, бүгінгі күнге дейін алты мекеменің 1046 жұмысшының алдындағы қарызы 39,1 млн. теңгені құрап отыр. Жалақыға қарыз мекемелердің қатарында "Күрделі құрылыс басқармасы”, "МИГ-21”, "Қазнефтегазстрой” ЖШС-лары берешек жөнінен көш басында тұр.

Ал, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық жолын салушы қосалқы мердігер "ДМСУ-22 АБ” ЖШС-ның өткен жылғы қазан-қараша айларында 115 жұмысшыға жалақы қарызы 11 миллион теңгеден асып кеткен. Серіктестік басшылары жұмысшыларға жалақы қарызын түрлі сылтау айтып, осы уақытқа дейін созып келген. Өз кезегінде шыдамы таусылған жұмысшылар инспекцияға арызданды. Осы арыз негізінде бақылау басқармасы серіктестіктің заңды тұлғасы Алматы қаласында орналасуына байланысты оны сол жердің ауданаралық экономикалық сотына мәжбүрлеп өндіру үшін талап арыз берген. Соның нәтижесінде серіктестік жұмысшыларының құқығын қорғау мен әлеуметтік тұрақсыздық және шиеленіскен ұжымдық дауды шешу жолға қойылып, жалақы қарызы жақын күндері толықтай төленетін болды.

Осындай жүйелі түрде жүргізілген істердің нәтижесінде бүгінде мекемелер мен кәсіпорындардың жалақы қарызы өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай төмендетілді. Әрі жұмысшылар құқығын қорғау бағытындағы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермекші.

 

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

АҚПАРАТ 15 мамыр 2014 г. 915 0