КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАҚЫНДАП ҚАЛДЫ

Тереңөзек кенті жанынан өтетін Сырдария өзеніне салынып жат­қан көпір маңызды құрылыс саналды. Себебі, көпір Сырдария ауданы тұрғындары үшін ондаған жылдар бойы толғандырып жүрген толғақты нысан болатын. Дарияның екі бетіне қоныс тепкен елді мекен тұрғындарының бір-бірімен қатынасы қиындап, шалғай жерлермен сабылып жүруге мәжбүр болатын.

"Көпір салу – сауапты іс” деген дана халқымыздың пайымдауын мұрат тұтқан ел ағаларының бастамасымен Сырдария өзені бойына салынатын көпір құрылысы өткен жылы бастау алып, аудан тұрғындарын қуаныш құшағына бөледі. Алғашқы жылы құрылысқа қыруар қаржы қаралып, құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп жатушы еді. Өкініштісі сол, бертін келе құрылысқа қатысты қаржы мәселесі өз шешімін таппай, қолбайлау жасалып, "сақалды құрылысқа” айналмас па екен деген күдік те басым болған. Қуаныштысы сол, жақында бұл көпір құрылысына қажетті қаржы мәселесі толықтай өз шешімін тапқан.

Осы бір игілікті істің дер кезінде аяқталуын мұрат еткен аудан тұрғындары аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың бастамасымен, "Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен көпір салып жатқан құрылысшылармен құрылыс басында кездесу өткізді. Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан аудандық мәслихат хатшысы Б.Маншарипов құрылысты жүргізуші "МО-25” ЖШС жұмысшыларына көпірді қысқа мерзімде сапалы етіп салып, пайдалануға беретіндіктеріне сенім артты. Мұнан соң сөз алған А.Божанова нысанның маңызына ерекше тоқталып, ағымдағы жылы аудан тұрғындарының қуанышқа кенелетінін тілге тиек етті.

– Тұрғындар көптен күткен маңызды көпірді биылғы жылдың бірінші тамызына дейін халық игілігіне пайдалануға береміз, – дейді "МО-25” ЖШС учаске басшысы Р.Ахундов.

Кездесу барысында көпір құрылысшыларына "Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының "Алғыс хаттары” табысталып, сый-сияпат жасалды. Ата дәстүрімен құрылысшыларға дастарқан жайылды.

Аудан тұрғындары жақын арада айналма жолдың орнына заманауи көпірмен қатынайтын болады.

 

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Сырдария ауданы.

АҚПАРАТ 15 мамыр 2014 г. 894 0