« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Театр тарландары Шығармашылық үйінде болды
Өңірімізде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының онкүндігі өтуде. "Театр көктемі-2014” фестивалі аясында ұйымдастырылған шара КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналып отыр.
Сыр жұртшылығымен кездесуді мақсат еткен өнер ұжымы он күн бойы бірнеше қойылымдарды көрермен назарына ұсынады. Қойылым уақытынан тыс кезде халқымыздың өнер майталмандары Т.Жүргенов атындағы Шығармашылық үйіне келіп, баспасөз қызметкерлерімен кездесті.
Жуырда Т.Жүргеновтің есімі берілген Шығармашылық үйін арлап көрген КСРО, ҚазКСР және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының президенті, ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, театр сыншысы, М.Әуезов атындағы академиялық театрдың директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның халық артисі, профессор, режиссер Есмұқан Обаев мәжіліс залында фототілші Болат Омарәлиевтің суреткөрмесімен танысты. Онда баспасөз өкілдерімен кездесіп, ашық-жарқын әңгімелесті.
Кездесу барысында Асанәлі Әшімов халықпен жақынырақ шүйіркелесу арқылы өздерінің көбірек мәлімет жинап қайтатынын айтты. "Бүгінгі көрермен нені талғайды, қандай қойлымдарды тамашалағысы келеді?” деген сияқты сауалдардың жауабын осындай кездесулер кезінде таба алатындықтарын алға тартты. "Елбасының өзі өнерге тікелей қолдау көрсетуде, алайда берілген тапсырмаларды орындау жағы кемшін түсіп жатады. Дегенмен, өнерге деген көзқарас жақсарып келеді. Өнерге бет бұрмаса, үлкен мемлекетке айнала алмайтынымызды сезініп келеміз, соған қуанамыз,–дейді Асанәлі Әшімов.
Жұртшылықты, әсіресе, жастарды тәрбиелеудегі театрдың рөліне тоқталған Есмұқан Обаев бүгінгі жас журналистерге театр туралы жазу үшін кемінде үш-төрт спектакльді көріп барып, ондағы қайнаған өмірге тереңірек үңіліп, зерттеу керектігін еске салды. Сексен жылдан астам тарихы бар М.Әуезов театрының алғаш шымылдығы ашылған киелі Сыр топырағы бұл өнер ұжымы үшін ерекше ыстық. Қазіргі таңда елімізде 50-ден астам театр жұмыс жасайтын болса, оның ішінде ешқандай мемлекетте алты тілде бірдей жұмыс жасайтын театр жоқ. Ол қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, неміс, кәріс тілдерінде спектакль қояды.
Журналистердің сауалдарына жауап берген Тұңғышбай Жаманқұлов: "Расында, бүгінде театрға, ондағы өнер адамдарына деген көзқарас өзгеріп келеді. Жуырда бір ай бұрын ғана Үкімет отырысында ел тарихында бірінші рет осы тетрлар жайында мәселе қаралды. Бұл да үлкен жетістік қой деп ойлаймын. Өйткені Үкіметтің де елдің де көзқарасы өзгеруі тиіс. Бұл – үлкен идеологияның құралы,”– дейді.
Театрдың, киноның, әдебиеттің, баспасөздің халықты тәрбиелеуде маңызы зор деп есептейді Еркін Жуасбек. "Театрға келу дегеніміз белсенділікті, білімділікті талап етеді. Бүгінгі таңда, жасыратыны жоқ, кітап оқудан қалып барамыз. Өйткені, қысқа, жеңіл жазылған дүниелерге ғана үйірміз. Біздің жастарымыз сананы қимылдатуға келгенде жоқ. Қоғамдағы өте жеңіл, уақытша ақпараттар бізді құртатын болды. Бұл біздің ертең деніміздің саулығына да әсер ететін үлкен қатер деп түсінуіміз керек. Тіпті күндіз-түні интернетте отырған баланың көзі ғана нашарлап қоймай, оның санасы да сол интернеттік деңгейде қалады. Солардың барлығын орнынан тұрғызуымыз керек. Театрға әкелуіміз керек. Бір-бірімен таластырып пікір айтқызуымыз керек,– деп өз ойын жеткізді.
Әсерлі кездесу соңында баспасөз қызметкерлері өнер майталмандарына сұрақтар қойып, естелік суретке де түсті.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |