« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Сыр аймағы – батырлар мен билердің, дарабоз дарындар мен текті тұлғалардың мекені. Осындай елін сүйіп, емірене еңбек еткен, Сыр елінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, артында өшпестей із қалдырған айтулы азаматтардың бірі, қоғам және мемлекет қайраткері Қонысбек Төрешұлы Қазантаев. Елін сүйген ерге тағзым жасап, өнегелі өмірі мен Сыр топырағына жасаған жақсылығын бүгінгі ұрпаққа ұлағат етуді мақсат еткен облыс әкімдігінің бастамасымен Қонысбек Қазантаевтың 90 жылдығына арналған еске алу шаралары салтанатты жағдайда өтті.
Қ.Қазантаев – облыс экономикасы мен мәдениетінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан айтулы азамат. Жастайынан Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан үшін кеудесін оққа төсеген Қонекең туған топырағына аман-есен оралып, елі үшін қажырлы еңбек етеді. 1945-1963 жылдары Қармақшы, Шиелі аудандарында жауапты қызметтер атқарса, 1963-1985 жылдары Сырдария, Тереңөзек, Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болады. Қонекең қырық жыл бойы төрт ауданда еңбек етті. Оның еліміздің келешегі кемелденуі үшін сіңірген еңбегі де елеусіз қалған емес. Бір емес, үш бірдей «Ленин» орденімен марапатталған Қонекең Сыр еліндегі бір ғана тұлға. Сондай-ақ, ол "Еңбек Қызыл Ту”, "Октябрь революциясы”, "Құрмет белгісі” ордендері мен ондаған медальдардың иегері.
Жоғарыда айтқандай, біртуар азамат, білікті басшы, елін сүйген ердің 90 жылдығына арналған шаралар Жалағаш аудандық мәдениет үйіне оның есімін беріп, ескерткіш бюсін ашудан бастау алды. Салтанатты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кіріспе сөзбен ашып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– "Өткеннің өнегесін үйреніп, сабақтарын саралай білген қоғам ғана қарыштай ілгері баса алады” деп Елбасымыз айтқандай, біз осы бір ұлағатты сөзден тәлім-тәрбие ала отырып, ел абыройы үшін ересен еңбек еткен абзал азаматтарымызды ардақтап, есімдерін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алып жатырмыз, – деп сөз бастаған аймақ басшысы Қонысбек Қазантаевтың өнегелі өмір жолын жиналғандарға алғаусыз жария етіп, оның есімі мен ерен еңбегі халқымен бірге болатынын жеткізді.
Салтанатты шарада Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, еңбек ардагері Алмагүл Божанова сөз алып, қоғам қайраткері Қ.Қазантаевтың қай ауданда болмасын ауыл шаруашылығы саласын дамыту, елді мекендерді абаттандыру, кадрлар даярлау, тағы басқа толағай істерге көшбасшы болып, толымды үлес қосқанын айтты. Қонекеңнің ұрпақтары атынан сөз алған Ғалым Қазантаев көпшілікке әке рухы атынан тағзым етіп, Қонекең атындағы мәдениет үйіне автокөлік кілтін табыс етті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Қ.Қазантаевтың ескерткіш бюсін ашып, гүл шоқтарын қойды.
Есімі елімізге танымал азаматты еске алу шарасы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында оның өмір жолы мен қызметіне арналған танымдық конференциясымен жалғасын тапты. Конференция жұмысын аймақ басшысы Қ.Көшербаев кіріспе сөзбен ашып, текті тұлға туралы деректі фильм көрсетілді.
Танымдық конференцияда қоғам қайраткерлері Сейілбек Шаухаманов, Дина Айсина, Абдулла Дәулетов сөз алып, Қонекең туралы тағылымы мол естеліктер айтты.
Ал, әулеттің ұрпақтары атынан сөз алған Мәншүк Қонысбекқызы Қазантаева облыс әкімдігі мен конференцияға қатысушыларға алғысын жеткізіп, әке мен анасы жайлы тебірене сөйледі.
Салтанатты шара соңында белгілі азаматтың рухына құран бағышталып, ас берілді.
Еркін ӘБІЛ.
Жалағаш-Қызылорда.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |